Халық әкімдікке жиналса ғана су келеді

102

 Кентау қаласында бүтін бір шағынаудан су құбыры жүрсе де тіршілік нәріне жарымай отыр. Себебі, сапасыз құрылысты шенеуніктер 5 жыл бұрын қабылдап алған. Қазір құжат жүзінде суы бар «Шұғыла» ықшамауданының тұрғындары суды көлікпен тасып ішуге мәжбүр. Судан тарыққанда құбыр басына емес, әкімдік алдына жиналамыз дейді жұрт. Сонда ғана су бірнеше сағатқа қосылады екен.

«Шұғыла» шағынауданының тұрғындары судың келгенін көріп дән риза. Алайда, ол мұнда Кентау қаласы әкімі келгеннен кейін ғана қосылып отыр. Онда да тұрғындар қала басшысын жұмыс орыннан жетектеп алып келді. Халықтың айтуынша, әкімдік алдына шулап жиналса ғана су бірнеше сағатқа ағады. Ал, су құбыры 5 жыл бұрын жүргізілген. Алайда, осы уақыттың ішінде су бірер сағат ақса, апталап болмайды. Салдарынан тұрғындар суды тасып ішіп отыр. Онымен қоймай тұрғындар судың қысымы болмаған соң вакумдық сорғы да орнатқан.

Әйгерім АМАНҚҰЛОВА, Кентау қаласының тұрғыны: «Әкімшілікке барған кезде береді суды. Болды дейді Ащысайға барсақ жаңағы ЖКХ-ның бастығы Абрасилов па сол кісі рұқсат берсе ғана олар давлениені көтереді. Сол кезде бізге су келеді,онда да вакуумды насоспен келеді. Бізге негізі Шұғыла ауданына 2 құбыр жүргізілген. Соның біреуі ғана қазір қосулы тұр. Екінші линиясы қосылмайды дейді, акимат айтты, иә».

Шөлдеген халық, егін суарайын десе су тым қымбат дейді. Сондықтан, жаңбыр суымен ғана суарылатын тал-терек қурап жатыр екен. Ал, қала басшысы Дәурен Мақажанов «сапасыз су жұмыстарын қабылдап алған мен емес» деп басын ала қашты. Сөзінше, оны қабылдаған бұрынғы әкім. Шұғылаға 5 жыл бұрын екі құбыр тартылса да, біреуін енді ғана іске қосыпты. Екінші құбырдың жарамды не жарамсыз екенін ешкім білмейді.

Дәурен Мақажанов, Кентау қаласының әкімі: «Бірінші трубамен қазір реттеу жасап шығайық бір айдың ішінде осы суға халық үйренсін деп, бір айдан кейін мына екінші трубаны тексеруден өткіземіз.Мынаны тоқтатып. Егер ол жерде су болмайтын болса онда бірінші трубаны бере береміз. Әр жерде анықталған кемшіліктерді жоятын боламыз».

Бюджеттің 360 миллион теңгесіне жүргізілген құбырлардың жарамды екенін Кентауда ешкім айта алмады. Қала басшысы Дәурен Мақажанов Шұғылада су енді тоқтамайды деп сөз берді. Алайда, сөзінде тұра алмаған көрінеді. Себебі, әкім кеткелі бірнеше күннен бері Шұғылада тағы да су болмай тұр.