«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, Түркістан облысында ұзындығы 359 шақырымды құрайтын автожолдың үш бағыттағы бөлігі маусымнан бастап ақылы болмақ.
Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық жолдың тұрғылықты халыққа қандай жеңілдіктері бар?
Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар 723 шақырым жолдың 359-ы ақылы болмақ. Олар: Шымкент-Ташкент аралығындағы 84 шақырым, Қызылорда бағытындағы 195 және Шымкент пен Тараз аралығындағы 80 шақырым. Маусымға жоспарланған жоба бойынша ақылы тас жолды пайдалану құны көлік түріне қарай әртүрлі.
Жамбыл БАҚТИЯРҰЛЫ, «ҚазАвтожол» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры: «Қазақстанда Нұр-Сұлтан -Щучинск, Алматы -Қапшағай , Нұр-Сұлтан-Теміртау аралықтағы жолдардағыдай жеңіл көліктер үшін 1 шақырым-1 теңге, ал жүк көліктері үшін 25 теңге».
Әр көліктен түскен қаржы жолды жөндеуге, қыс мезгілінде қардан тазалауға, жалпы күтіміне жұмсалмақ. Сонымен қатар, ақылы жол бойындағы елдімекендердегі тұрғылықты халық үшін жеңілдіктер қарастырылған.
«Сондай учаскелерде тұратындар жеңілдікті пайдалану үшін 1403 байланыс орталығына хабарласуы тиіс. Тапсырыс беріп, кейін жеке шотына 1 мың теңге, жылына сонда бір рет 1 мың теңге төлеп ақылы жолда жүре алады. Көлік сол тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелуі шарт»,- дейді «ҚазАвтожол» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры.
Көлік жүргізушілері ақылы жолға төлемді интернет банкинг төлем терминалдары, ұялы байланыс операторлары және екінші деңгейлі банктер арқылы жасауға болады. Егер де ақылы жолға қатысты сұрақтарыңыз туындаса, Түркістан облысындағы клиенттермен жұмыс істейтін 4 орталықтағы мамандарға жүгінуге болады.
Орталықтар Түркістан бағытында Иқан ауылында, Алматы бағытында Машатта, Ташкент бағытында Атамекен елдімекенінде, Шымкент қаласында Д. Қонаев даңғылындағы «Алтын орда» бизнес орталығында орналасқан.
Шынар Оразова