Шымкент вакцина салу бойынша көш басында

92

Елімізде эпидемиологиялық жағдайдың беті бері қарай бастады. Соңғы аптада індет жұқтырғандар көрсеткіші 20 пайызға кеміген. Осылай деп сүйіншілеген үкімет мүшелері Қазақстанның сары аймаққа ауысқанын айтады.

Қазақстанда коронавирус жұқтыру көрсеткіші 20 пайызға төмендеді. Осылай деген үкімет мүшелері елімізде эпидемиологиялық ахуалдың оңалып келе жатқанын айтады. Сөздерінше соңғы аптада қызыл аймақ қатары 6-ға кеміп, ал еліміз сары белдеуге өткен. Еске салайық, Қазақстан бір ай бойы «қызыл» аймақта тұрған еді.

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: «Мамыр айының 2-15 аралығында кви жұқтырғандар саны алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда 5893 адамға төмендеген. Сонымен қатар өздеріңіз көргендей министр баяндамасында кешегі күндермен салыстырғанның өзінде 1 жұма арасында қызыл аймақтар 6 облысқа ғана түсіп отыр. Көрсеткіштің өзі 1800-дің айналасына түсіп отыр».

Есесіне, Шымкент қаласындағы жағдай толық тұрақталмаған. Бір күні сары, екінші күні қызыл аймаққа ауысып жүрген қалада қазір квиден 1269 науқас емделіп жатыр.

Өкінішке орай, осы күнге дейін көзге көрінбейтін жау кесірінен 134 жерлесіміз көз жұмған. Осылай деген шаһар басшысы  вакцина салдырудан Шымкенттің көш бастап тұрғанын жеткізді.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі:  «Вакцина алатын контингенттің 30 пайызынан астамына вакцина салынды. Шымкент бұл көрсеткіш бойынша көш басында. Дәрі-дәрмекке келетін болсақ, тұрақтандыру қоры шеңберінде бөлшек саудадан алған дәрі-дәрмек сатып алу дәріхана және тұрақтандыру қорына 200 млн. теңге бөлінді. Алдында 1 млрд. теңгеден көп еді.».

Шымкентте коронавирусқа шалдыққандарға арналған төсек-орынның 48 пайызы толып тұр. Әкім сөзінше, індет жұқтырғандар жуырда іске қосылған «Ашық» бағдарламасы арқылы да анықталуда. Бүгінге дейін жүйе нәтижесінде 25 қызыл, 87 сары статус белгісі бар азамат тіркелген.

Қызыл статус дегеніміз вирус жұқтырғанның белгісі болса, сары деңгейдегілер індет жұқтырғандармен байланыста болғандар.

Назерке Үкібасова