Шымкентте бүтін бір отбасы шенеуніктердің сөзіне сенеміз деп үйсіз қалды. Газ баллоны жарылып, баспананың бір бөлігі қирағаннан кейін атқамінерлер «үйің жарамайды, бұз» деген екен. Алайда берілген уәде орындалмаған. Енді көпбалалы отбасы контейнерді паналап отыр. Ал отбасының жалғыз асыраушысы болған отағасы жұмыссыз қалыпты.
Қуаныш Сұлтанов шенеуніктердің сөзіне сеніп отбасымен далада қалып отыр. Енді контейнер мен палаткада өмір сүруге мәжбүр. Қаңтарда Қуаныштың үйінде газ баллоны жарылып, үйінің бір бөлігі қирап қалған болатын. Оқиға орнына келген атқамінерлер «демеушілер тауып көмек көрсетеміз, күзге дейін үй де тұрғызып береміз» деп сөз берген. Сөйтіп, тез арада бір бөлігі бүлінген үйді бұзу керектігін айтыпты. Құрғақ ауыз сөзге сенген отағасы үйін түгелімен сүріп тастайды. Алайда, ақжағалылар айтқан сөздерінде тұрмаған екен. Отағасы «шенеуніктердің сөзіне сеніп үйді қиратып едім, енді өкінем» дейді.
Қуаныш Сұлтанов, тұрғын: «Әкімдер келіп 3 күнде бұзып таста деді. Мына жерден бір затын алмайсың деді. Мынаның бәрін шығарып таста, бәрін жаңадан әпереміз, там салып аласың деді. Солардың сөзіне сеніп мен бұзып тастадым. Енді міне далада отырмыз күннің астында. Ыстық контейнердің ішінде жатырмыз. Шынымды айтсам қиналып кеттім қазір. Жүрегің ауырады. Контейнерде ыстық жерде жатыр қыздарымның бәрі. Терлеп жатыр».
Жарылыс болған күні Қуаныштың әйелінің денесінің 25 пайызын күйік шалған. Қазір үй шаруасына қолдары жарамайды. Тамақты күйеуі мен үйінің ең үлкен 15 жасар қызы істейді. Салдарынан күйеуі жұмысқа шыға алмай отыр.
Айгүл Тамтаева, тұрғын: «Қай жер көлеңке сол жерге столымызды апарып тамақ-шайымызды ішеміз. Егер көмектесетін адамдар болса көмектессе деп отырмыз. Қиналып кеттіу мына 6 бала-шағамен бірге. Осы жерде жатамыз. Жел болған кезде палатка да ұшып кетеді. Сол уақытта тамақты осы жерге ішеміз».
Қуаныш шенеуніктер көмек көрсетеміз демегенде қираған үйімді бір амалын тауып жамап алар едім дейді. Ал көмек береміз деп уәде бергендердің жасаған жақсылығы ақпан айында 20 текше-метр газоблок түсіріп беріпті. Ол бір үйдің құрылысына жетпейді, оған қоса сапасы да сын көтермейді екен. Қиын жағдайда қалған отбасына көмектесу Шымкент қалалық құрылыс басқармасына жүктелген болатын. Тіпті, алты бала үшін уақытша баспанамен қамту керек болған екен. Ал бізге бұл отбасыға қаржылай көмек бердік дегенімен, қашан және қанша сома екенін айта алмады.
Отағасы болса, олардың сөзін жоққа шығарды. Шенеунеіктер алғашында, сұқбат беруге келіскенімен, олармен қайта байланысу мүмкін болмады. Енді бұл отбасыға қайырымды жандар көмектеспесе, уәде еткендерден қайран жоқ сияқты.