Түркістан облысының тауларында жоғалған екі туристің денесі табылды

934

 

29 мамыр күні сағат 00:30-да үздіксіз іздестіру жұмыстарының барысында Өгем өзенінен бір адамның жансыз денесі табылды. Ол 1999 жылы туған тауда жоғалып кеткен туристер тобының бірі екені анықталды. Екінші жігіттің денесі бүгін Өгем өзенінен 3 шақырым жерден табылды»- деп хабарлады ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли. Жігіттердің денесі «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-171 тікұшағымен Шымкент қаласына жөнелтілді.

Қалған екі адамды іздестіру жұмыстары жалғасуда. Жердегі іздестіруді құтқарушылар, полиция қызметкерлері, шекара қызметінің ат патрулі, ұлттық парк қызметкерлері және жоғалғандардың туыстары жүргізуде. Сондай-ақ, әуеден іздеу үшін ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ екі борты жұмыс істеуде.

Аталған факті бойынша Түркістан облысының полиция департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша өлімнің себебі анықталатын болады.

Еске салайық, Төлеби ауданының Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама 2021 жылғы 25 мамырда 18 сағат 30 минутта келіп түсті. Олардың үшеуі кеше табылған болатын. 21 мамырда туристер жаяу «Сары-айғыр » шатқалына бет алған және 24 мамырда қайту қажет болған. Алайда қайтар жолда адасып кеткен.