ҰОС майдангерлеріне мәслихат тарапынан құрмет көрсетілді

109

Мереке қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері Анна Шаляны Шымкент қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов арнайы құттықтады. 98 жастағы тұрғынға сый құрмет көрсеткен депутат гүл шоқтары мен тәттілер және үй техникасын тарту етті. Сондай-ақ, бейбіт күнімізге себепші болған майдангерге қалалық орыс драма театрының әртістері де ән шырқап, көңілін көтерді.

 


Майдангер Анна Шаля соғыс басталған жылы 18-ге енді келген екен. Бойжеткен жас болғанына қарамай өз еркімен әскер қатарына қосылған. Қайсарлығымен көзге түскен ол майданда жүріп-ақ «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ал соғыс аяқталған соң елге оралып, ұстаздық жолын жалғастырыпты.


Анна Шаля, ҰОС ардагері: «Мен өзімді өте бақытты адам санаймын. Осындай ұлан байтақ қазақ жерін қорғағаныма мақтанамын. Шынында мен өз елімді өте құрмет тұтамын. Қазақстан болашақта да тәуелсіз ел болып қалатынына сенім артамын».

Карантиндік шектеулерге байланысты үлкен концерттер жасай алмаймыз деген мәслихат хатшысы аз да болса ардагерлердің көңілін көтеруге тырыстық дейді.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы: «Жалпы өзімізге де келешек ұрпаққа да үлгі бола алатындай өмірлерін таныстыру үшін осы «Ардагерлерді ардақтайық» деген акция аясында кіріп шығып жатырмыз. Ол кісілердің ғұмыры, ол кісілердің ерлігі ешқашан біздің жадымыздан шықпау керек. Ол кісілер әрқашанда біздің көңілімізде, жүрегімізде болуы керек».


101 жасқа келген майдангер Халел Атантаевқа да құрмет көрсетіліп, арнайы сый-сияпат ұсынылды. Әртістер жеңіс күніне арнап ән шырқаса, кішкентай бүлдіршін ардагерлерге құттықтауын жолдады.

Көрсетілген құрметке өз ризашылықтарын білдірген ардагерлер келешек ұрпаққа бейбіт заман тілеп, ақ баталарын берді.

                                  Мөлдір Ибадуллаева