Шымкентте мектеп оқушылары арасында басталған «Жастар лигасы» жалғасуда. Спорттың 4 түрінен жалауын көтерген жарысқа барлығы 5000 бала қатысуға ниет білдірген еді. Олар волейбол, баскетбол, футбол және шахматтан өзара мықтыны анықтамақ.
Солардың бірі 3 мектеп шәкірттерінен құралған футбол командасы. Бұған дейінгі үш кездесуде де жеңіске жеткен олар бүгін де 5:0 есебімен келесі кезеңге жолдама алды.
Ильхам АГАТИ, жарыс қатысушысы: «Бүгінгі ойынға көңіліміз толды. Қарсыластар да қатты қиын болған жоқ. Жастар лигасы деген жарысты естігенде қатты дайындалдық. Осыған күш жұмсадық. Нәтижесі міне бүгінгі ойында 5:0 есебімен жеңіске жеттік. Осы уақытқа дейін 3 командамен кездестік. Үшеуінде де жеңіске жеттік».
Айта кетейік, «Жастар лигасы» республика бойынша Шымкентте тұңғыш рет өтуде. Жарыста алдымен мектеп оқушылары бақ сынайды. Ал, қыркүйек айында бәйгеге студенттер түседі. Бірер апта бұрын, жалауын көтерген жарыс оқу маусымы аяқталғанша жалғасады. Ал, жеңімпаздар есімі маусым айының соңында белгілі болмақ.
Ерлан АЙТБАЕВ, Жастар ресурстық орталығының директоры: «Баскетбол мен волейболдан іріктеулер өтіп қойды. Енді футболдан іріктеулер өтіп жатыр. Мереке күндерден кейін ширек финалдарға жолдама береміз. 1/8, жартылай финал, финал сияқты. Жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, бұқаралық спортқа тарту біздің мақсатымыз».
Жарыстың жүлде қоры да аз емес. Жеңіске жеткен команда 20 млн. теңге олжалайды. Ал, бұл қаржы қайырымдылық қорынан қаралған. Жалпы жүлде қорын құрайтын 80 млн. теңге мектептің керек-жарағына жұмсалады дейді ұйымдастырушылар.
Назерке Үкібасова