20 азамат Шымкент қаласының Құрметті азаматы атанды

409

Кеше мәслихат сессиясында Шымкент қаласының Құрметті азаматы атанған тұрғындар мәлім болды. Мәслихат депутаттары қаншама ұсынысты талдап, ең лайығын таңдауға тырысыпты.

Құрметті азамат атанған жиырма адамның қатарында кәсіпкер де, актер де, сәулетші мен ардагер де, имам да, ұстаз да бар.

Биыл Шымкент қаласының Құрметті азаматы атанған тұрғындар қатарында 78 жастағы Мұқан Омаров та бар. Есімі елге белгілі ақсақалдың еңбек өтілі 60 жылдан асады. Өмірінің 35 жылын ет өңдеу комбинатына арнап, қарапайым жұмысшыдан директор лауазымына дейін өскен.

2007 жылдан 2013 жылға дейін Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары болды. Бүгінде Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесін басқарады. Шымкент тарихында ардагерлер кеңесінің қалыптастыруға үлкен үлес қосты.

Мұқан қария биыл Шымкент қаласының Құрметті азаматы атағын лайық азаматтар алғанына қуанышты.

Мұқан Омаров, Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Енді айтуға реті келіп тұр. Осыдан 2-3 жыл бұрын да мен ұсыныс жасағанмын. Бірақ әртістер деді мынау деді сондай жағдай болды енді. Енді байқап отырмын, кешегі қалалық мәслихатының депутаттарының шешімімен қала әкімінің қолдауымен осындай жағдайға келдік. Бәріне рахмет».

Кеше жетінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс бесінші сессиясы өтті. Депутаттар қаланың Құрметті азаматы атағын 20 азаматқа беру туралы шешім шығарды. Жиырмалыққа енген тұрғындардың бәрі де қаланың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан адамдар. Мәслихат депутаты Рәшкүл Жәлелқызы айтқандай, биылғы іріктеудің бұрнағыдан айырмашылығы бар.

Рәшкүл Оспанәлиева, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты:
«Бұл жерде әр сала азаматтары бар. Архитектура саласы ма, сот саласы ма. Мысалы 72 жастағы мұғалім бар. Сондай зейнеткер кісілер болғанына мен өзім разымын. Бұрындары мұндай жағдайларға комиссия тарапынан қайшылықтар болатын. Неге өйткені жұмыс істеп жүрген азаматтар құрметті азаматқа лайықсыз-ау. Еңбегін етіп, кәрілік жеңіп, зейнет жасындағы адамдарға лайық. Олардың немерелерінің алдандағы құрмет деп есептеймін. Үлкен кісілерді, ардагерлерімізді ардақтай білуіміз керек. Сонда ғана біздің жастарымыз ынталанып келешекте қоғамға пайдасын тигізер азамат болады»

Айта кетейік, былтыр коронавирус пандемиясына байланысты қаланың Құрметті азаматы атағы берілмеді. Қала күні де тойланбады. Биыл коронавирус таралуы бәсеңдеп, жағдай оңалса, 19 маусымда Қала күні тойланады. Шымкент қаласының Құрметті азаматы атанған 20 адамға төсбелгісі мен куәлігін сол кезде салтанатты түрде табыстайтын болады

Жанерке Хумар