Өмірзақ Шөкеев БАҚ қызметкерлерін құттықтады

442

ҚҰРМЕТТІ БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ!

ҚЫМБАТТЫ АРДАГЕР ЖУРНАЛИСТЕР!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгінгі күні еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық қоғамның құрамдас бөлшегі ретінде билік пен бұқараның арасындағы дәнекер ғана емес, еліміздің толағай табыстары мен зор жетістіктерінің жаршысы болып келеді. Газет, теледидар, интернет кеңістігі – уақыт айнасы. Ол арқылы күн сайын тың деректер алып, мемлекетіміздің дамуын, облысымыздың тыныс-тіршілігін қадағалап отырамыз. Түркістан облысы мен күллі түркі әлемінің рухани астанасындағы, әр аудан, қала, ауылдағы жаңа бастамалар, жарқын істер немесе тосын оқиғалар тілшілер қауымының назарынан тыс қалған емес.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев қазіргі қоғамда бұқаралық ақпарат құралдары ықпал етудің мықты тетігі болып табылатындығын талай мәрте ерекше атап көрсеткен. Мемлекеттің әлеуетін нығайту, экономиканы дамыту, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру – бүгінде еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттер екенін айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық медиа-қауымдастықтың сындарлы негізде ұйысуы, журналистердің белсенді азаматтық ұстанымы, олардың кәсіби деңгейі және әділдігі – ақпараттық кеңістіктегі табысты жұмыстың негізгі шарттары екенін айтқан.

Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүретін айрықша кәсіп иелерінің қызметі қадірлі де, құрметті!
Еліміздің татулығы мен тұрақтылығының өрістеп-өрлеуінің қарқынын паш ететін журналистер қашанда құрметке лайық.

Еліміздің руханиятын, мәдениетін көтеріп, тыныс-тіршілігін көрсетіп, жағымды жаңалықтармен сүйіншілейтін, нақты адами ұстаным мен болып жатқан жайтқа бей-жайлық танытпай, мақсатқа жетуге ұмтылу сіздердің мамандықтарыңыздың ерекше қыры.

Мерейлі мереке құтты болсын, ұшқыр қалам иелері!

Жазарларыңыз көп, қаламдарыңыз қуатты, сөздеріңіз өтімді, еңбектеріңіз жемісті болсын! Халыққа жасаған қызметтеріңіз абырой әкелсін! Сіздерге шабыт пен шығармашылық табыс, бақыт және отбасыларыңызға амандық тілеймін!

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев