Ордабасы ауданында суицид жасаған оқушы қыздың өлімінен соң мектеп директоры жұмысынан уақытша шеттетілді. Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы бұл шешім Еңбек кодексіне негізделіп қабылданғанын айтады.

Айта кетейік, осы айдың басында Түркістан облысы, Ордабасы ауданында үздік мектеп оқушысы емтиханнан төрт деген баға алғаннан кейін өз-өзіне қол салып, көз жұмған еді.

Шұға Нұрабаева, Ордабасы ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы: «Осыған байланысты мектеп басшысын Еңбек кодексінің 48-бабы 5-тармағы бойынша уақытша лауазымынан шеттеттік. Яғни, тергеп-тексеру амалдары біткен уақыттан ары қарай тағы да жұмыстар жүргізілетін болады».

Мектеп директоры 14 күнге лауазымынан шеттетілген екен. Сонымен қатар, оқушы өліміне қатысты облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы да ішкі зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Марқұмның туыстарының сөзінше, білім сынағы кезінде 9 сынып оқушысына директор қысым көрсеткен. Сол себептен оқушының өліміне білім ұясының директорын кінәлады.

Ал, мектеп басшысы болса бәрін жоққа шығарып отыр. Жасөспірім өліміне қатысты полицейлер «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен тергеу жұмыстарын жүргізуде. Оқиғаның мән-жайын енді құзырлы органдар анықтайтын болады.

Олжас Айдарбек