Қаратау ауданында алдағы жылу маусымына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бүгінде орталық жүйеден жылу алатын көпқабатты 384 тұрғын үйдің 40-ы сығымдау жұмыстарынан өтіпті. Бұл жұмыстарды 6 сервистік мекеме жүргізуде.
Дайындалған үйлер «Қуатжылуорталық -3» мекемесі тарапынан акт түзіліп қабылдануда. Әкімшілік іскерлік орталығындағы қазандықтар да ағымдағы жөндеуден өтуде.
Қаратау ауданында жылу маусымына дайындық жұмыстары қарқын алған. «Нұрсәт» шағынауданындағы №212 үйдің жер төлесінде арнайы бригада жылу құбырларындағы ақауларды тексеріп, жарамсыз бұрандаларды алмастыруда. Сонымен қатар, ысырма жапқыштарды майлап, жылу қабылдауға дайындауда. Осы төңіректегі тоғыз қабатты төрт үйдің төрайымы Күләзия Ермекбаева жылу маусымына дайындықты ертерек қамданып, жертөлесіндегі жүйелерде сығымдау жұмыстарын жазда бітіріп қоямыз дейді.
Күләзия Ермекбаева, «Нұрсәт» шағынауданының үй төрайымы: «Басқарушы компаниямен келісімге тұрғаннан бері проблема жоқ. Олар барлығын өздері реттейді. Сығымдау жасайды. Атылып кетсе, тексереді реттейді».
Коммуналдық мекемеге ай сайын 400 теңгеден төлеген тұрғындар жылу маусымында ақаулар болса, арнайы бригада іздеп бастары қатпайды. Жылу маусымында орын алған келеңсіздіктердің барлығын тұрғындармен келісімшартқа тұрған мекеме өзі реттейді.
Алиақбар Сыдықов, коммуналдық мекеменің басшысы: «Мына жылуалмастырғыш үйге келген жылуды ысытып, пәтерлерге жөнелтеді. 52 үйді дайындаймыз, 17 дайындап өткізіп қойдық. 1 шілдеге дейін жылуалмастырғышты, қалғандарын 1 қыркүйекке дейін аяқтаймыз».
Қаратау ауданының әкімі әр нысанда болып, дайындық барысын пысықтауда. Оған негіз де бар. Өткен жылу маусымында әкімшілік-іскерлік орталығындағы қазандық істен шығып, біраз қиындықтар орын алған.
Қаратау ауданында жалпы көпқабатты 471 тұрғын үйдің 384-і орталық жылу жүйесіне қосылған. Аудан әкімдігі алдағы шілде айында 80 үйді сығымдау жұмыстарынан өткізуді жоспарлап отыр. Көпқабатты үйлерді жылу маусымына дайындауда тұрғындар шет қалмаса, сығымдау жұмыстары сапалы жүргізіліп, алдағы қыста қиналмас еді дейді белсенді тұрғындар.
Шынар Оразова