ҚРҰБ: Ескі банкноттарды айырбастау үшін шексіз мерзім енгізу туралы шешім қабылданды

227

Ұлттық банк 2006 жылдан бастап және одан кейін шыққан банкноттарды айырбастау үшін шексіз мерзім енгізу туралы шешім қабылдады.

Саладағылар мұндай шешім халықтың көптеген өтініші мен халықаралық тәжірибе ескеріле отырып қабылданғанын айтады.

2006 жылдан бастап және одан кейін шыққан банкнотттарды айырбастау мерзімі енді шексіз. Мұндай шешім Ұлттық банк қабылдады. Жаңа банкнот шыққан жағдайда, 12 ай ішінде ескі банкнот қатар қолданыста жүреді. Басқаша айтсақ, ескі банкнот та, жаңа банкнот та заңды төлем құралы болады және оларды бір жыл бойы барлық төлем түрі бойынша қабылдауға міндетті.

Ұлжан Егемова, ҚРҰБ Түркістан филиалының ЖЭБ жетекші маманы-экономисі: «Егер сіз белгілі бір себептерге байланысты айналымнан шыққан банкноттарды айырбастай алмай қалсаңыз, онда Ұлттық Банктің филиалдары оларды мерзім бойынша шектеусіз қабылдайды».

Қандай да бір банкнот айналымнан шыққаннан кейін оны 3 жыл мерзім ішінде Ұлттық Банктің филиалдарынан да екінші деңгейлі банктердің бөлімшелерінен де, «Қазпошта» АҚ кеңселерінен де айырбастап алуға болады.

Ұлжан Егемова, ҚРҰБ Түркістан филиалы ЖЭБ жетекші маманы-экономисі: «2006 жылғы үлгідегі банкноттарды айырбастау мәселесі бойынша Түркістан қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары келесі мекенжайға хабарласуы қажет:
Шымкент қаласы, Төреқұлов көшесі, 2-үй, сағат 09.30-дан 15.00-ге дейін, демалыс күндерінен басқа».