Шымкентте имамдар қан тапсырды

71

«Донор бол! Өзгеге өмір сыйла!». Шымкентте дәл осындай атаумен қала мешіттерінің жамағаты мен еріктілердің қан тапсыру іс-шарасына қатысты.

Қаланың бас имамы дін өкілдері барша қала тұрғындарын осы шараға атсалысуға шақырып отыр.

Шымкентте қала күні мерекесіне орай қаладағы имамдар мен ерікті жастар қан тапсырды. «Донор Бол! Өзгеге өмір сыйла» атты акцияға қаланың бас имамының басшылық етуімен 50-ге жуық діни қызметкер келіп, өздерінің үлесін қосты. Өзгелерге осылайша өмір сүруге үміт беремін деп жасаған әрекетіңіз үлкен сауапты амал болып есептеледі дейді имамдар.

Ахметжан Керімбек, «Абдулхамид Қаттани» мешітінің бас имамы: «Бұл әлбетте мұсылман баласы үшін де, әрбір мұсылман жан үшін де бұл маңызды бір сауапты амал десек болады. Себебі, қанша дегенмен біреудің өміріне үміт сыйлайсыз, өмір сыйлайсыз мүмкін, түрлі қажеттіліктерді сіз өзіңіздің жаңағы жаныңыздағы дүние арқылы, бөлісу арқылы сіз оған үлес қосасыз. Бұл да болса бір үлкен қайырлы іс».

Ақ халаттылар сөзінше, вакцина салдыру донор болуға еш кедергі емес. Бірақ екпені қабылдаған соң біршама уақыт өткеннен кейін ғана қан тапсыра аласыз.

Жайнар Астанаева, Шымкент қалалық қан орталығы директорының орынбасары: «Вакцина қабылдағаннан кейін 1 айдан кейін бізге келіп донор бола алады. 1-ші компонентті қабылдағаннан кейін 1 айдан кейін, 2-ші компонентті қабылдағаннан кейін 2 аптадан кейін келіп донор бола алады».

Қалалық қан орталығына күніне 100-120 ерікті келіп қан тапсырады. Сол себепті қан тапшылығы бойынша мәселе жоқ. Қазіргі таңда орталық қалада және облыста 43 медицина мекемесін тәулік бойы қан компоненттерімен қамтамасыз етіп отыр.

Әлихан