Бірінші кезеңде сұхбатшылар 1 маусымнан бастап үй-үйді аралап, зерттеу жұмыстарына кірісіпті. Биылғы халық санағының бір ерекшелігі – санақ онлайн түрде өтеді. Сұрақ-жауапқа қатысушылар электронды құрылғыларды пайдаланады. Планшеттегі sim-карта – құпия, басқа мақсатта пайдалану мүмкін емес. Сұхбатшылар қоғамдық көлікте тегін жүреді.
Ерназар Құлтаев, Шымкент қаласындағы Статистика департаментінің басшысы: «Шымкентте халық санағының бірінші кезеңінде жұмысқа 300 адам тартылды. Бүгінгі таңда кіші қиыншылықтар туындап тұр. Ауа райының қолайсыздығы бар, сосын төлейтін ақының көлемі біраз азаматтарды қанағаттандырмай отыр шындап келсе. Бірақ жұмыс қарқынды жүргізілуде».
Сұхбатшылардың орташа жүктемесі – 1200 санақ объектісі. Бірінші кезеңдегі жұмыс 30 күнге жалғасады. Айлығы зейнетақы жарнасы, жеке табыс салығын, әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын қосқанда 83 мың теңге болады. Ал нұқсаушы-бақылаушылардың 25 мамырдан 8-шілдеге дейін көрсеткен қызметіне жарналарды қосқанда 125 мың теңге төленбек екен. Ұлттық санақ барысында азаматтарға қойылатын 87 сұрақтың 20-ы нақтылаушы сұрақтардан тұрады.
Ерназар Құлтаев, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық Статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: «Алаяқтардан қорқамын дейтін азаматтар 1-ші қыркүйектен онлайн режимде жауап беруіне болады. Бізде департаментте қосымша бар, 4-5 рет өтіп көрдік, ешқандай қиындық жоқ».
Ұлттық халық санағы кезінде 1442 бірыңғай байланыс орталығы , 8 8000 8000 878 телефон нөмірі жұмыс істейді. Арыз-шағым, ұсыныс-тілек болса, Ұлттық статистика бюросының stat.gov.kz интернет ресурсына, әлеуметтік желі парақшаларына жүгінесіз.
Халық санағы 1 қыркүйек – 30 қазан аралығында өтеді. Елдегі халық санын, этникалық құрамын нақты білу, халық тұрмысын зерттеу үшін бұрынғы санақ қорытындысымен салыстырып, өзгерісі талданады. Мұның барлығы алдағы есеп-қисап, жоспар, болжам жасауға маңызды.
Шынар Оразова