Шымкентте жас жігіт өртеніп жатқан жүк көлігін сөндірді. Жанып жатқан көлікті сөндіруге асыққан азаматтың іс-әрекетін бағалаған төтеншеліктер оны арнайы марапаттады. Санжарбектің тез шешім қабылдап, батыл қимыл жасағанының арқасында өрт дер кезінде оқшауланып, сөндірілді.

Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қалалық ТЖД бастығы: «Ағымдағы жылдың 11 маусым күні 11:18 де Шымкент қаласындағы Тәуке хан мен Ақпан батыр көшелернің қиылысында ЗИЛ маркалы автокөлігінің мотор және кабина бөлігі жанғандығы туралы хабар келіп түскен. Өрт сөндіру бөлімдері келгенше сол жерге жақын орналасқан «Магнум» сауда кешенінің қызметкері Досназаров Санжарбек Сапарбекұлының сауатты іс-қимылдарының арқасында өрт сөндіріліп, оның әрі қарай таралуына жол берілмеді».

Санжарбек Досназаров Шымкенттегі сауда орталықтарының бірінде күзет қызметінің ауысым бастығы болып жұмыс істейді. Көшеде жүк көлігі өртенген кезде ол жұмыста болған. ЗИЛ-дан қою қара түтін бұрқырып жатқан. Санжарбек еш ойланбастан өрт сөндіргішті алып, көлікке қарай ұмтылады. Ол өрт сөндірушілер келгенге дейін өртті сөндіріп үлгерген.

Санжарбек Досназаров, Шымкент қаласының тұрғыны: «Ол кезде қорқыныш сезімі болған жоқ, содан кейін ғана ойландым. Туыстарым видеоны көрді, анам менің неге сонша жақындағанымды айтып, жарылып кету мүмкін еді ғой деп жылады. Біріншіден онда адамдар көп болды. Көліктер, ғимарат болды. Жарылыс болса бәріне зиян келер еді».

Олжас Айдарбек