Жеке куәлігі жоқ азаматтар вакцина салдыра ала ма?

133

Елімізде жеке куәлігі жоқ азаматтар коронавирус індетіне қарсы вакцина салдыра ала ма? Көптің көкейінде жүрген бұл сауалға Көші-қон комитетіндегілер жауап берді. Айтуларынша, вакцина алған кезде ол азаматқа қатысты жеке мәлімет базаға енгізілуі керек. Аталған тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірінсіз бұл іс жүзеге аспайды.

Сабыржан Сейітжанов, ҚР ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары:
«Вакцина алған кезде ол азаматқа қатысты жеке мәлімет базаға енгізіледі. Аталған тұлғаның ЖСН-і (жеке сәйкестендіру нөмірі) болуы шарт. Осы орайда жеке куәліксіз вакцина алу мүмкін емес. Яғни, ол вакцина алған азаматтардың есебіне кірмейді. Сондықтан да азамат алдымен жеке құжатын реттегені абзал. Осы орайда біз ел аумағындағы жеке куәліксіз тұрғындарды анықтау акциясын өткізіп жатырмыз. Оларға құжатсыз ешқандай қызмет алу мүмкін еместігін түсіндіріп, жеке куәлік алуына көмектесудеміз».

Сала мамандарының айтуынша, жалпы халықты оның ішінде құжатсыз жүрген азаматтарды хабардар ету мақсатында Көші-қон комитеті, тәртіп сақшылары, үкіметтік емес ұйым және басқа құзырлы орган өкілдерін тарта отырып үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған. Айта кетейік, бүгінде елімізде 4,6 мыңнан астам адамның жеке куәлігі жоқ.

 Ақмарал Айтбаева