Еліміздің бес қаласында карантин шектеулері күшейтіледі

145

Қазақстан аумағында коронавирус инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларында карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ashyq жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметі тоқтатылады Ведомствоаралық комиссия елдегі тәуліктік сырқаттанушылықтың 65%-ын және тәуліктік өлім-жітім жағдайларының 55%-ын құрайтын Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларында карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылдады.

«Бұл өңірлерде биылғы жылдың 2 тамызынан бастап мынадай шектеу шаралары күшіне енеді: орталық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді, құқық қорғау органдарын, денсаулық сақтау ұйымдарын, БАҚ-ты, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, Ashyq жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін тоқтата тұру; ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік және өзге де бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу; мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 80%-ын қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру (вакцина салдырғандарды және соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылғандарды қоспағанда)», делінген хабарламада.