Түркістан облысының әкімі Токиода өтетін ХХХІІ Жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшыларды қабылдады. Облыс атынан байрақты бәсекеге 5 спортшы жолдама алған.
Әрбір спортшыға демеушілер тарапынан 1 млн. теңге, ал бапкерлеріне 300 мың теңгеден қаржылай сыйлық берілді. Кездесу барысында спортшылар жоғары деңгейде дайындықпен жолға шығып, жеңіспен оралатындарына сенім білдірді.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Токиода өтетін ХХХІІ Жазғы олимпиада ойындарына қатысатын спортшыларды қабылдады. Түркістан облысы атынан Жазғы Олимпиада ойындарына 5 спортшы қатысады.
Кездесуде демеушілер есебінен әрбір спортшыға 1 млн. теңге, ал бапкерлеріне 300 мың теңгеден қаржылай сыйлық табысталды. Өмірзақ Шөкеев спортшыларға сәттілік тілеп, жеңіспен оралғандарды үлкен сый күтіп тұрғанын айтты.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Кәсіби спорт деген ол енді еңбектің арқасында жететін шаруа, өйткені әр сәті, әр жарыс, әр жаңағы кездесу үлкен еңбекпен және жігермен келетін жеңістер. Сіздерден үлкен үміт күтеміз. Алтын алып келсеңіздер сіздерді осы жерде үлкен тосынсый күтіп тұр. Түркістан облысының бірінші олимпиадалық чемпионы деген атаққа ие боласыздар».
Спортшылар облыс әкіміне жоғары деңгейде дайындық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беріп жатқаны үшін алғыстарын білдірді. Өз кезегінде дүбірлі додада Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар толағай табыстарға қол жеткізіп, ел мерейін үстем етеміз деп сендірді.
Дидар Хамза, дзюдошы: «Құрметті, Өмірзақ Естайұлы, сізге үлкен рахмет айтамыз спортшылардың атынан. Осындай спортшыларға үлкен қолдау білдіріп, сенім артып жатқаныңызға. Осындай үлкен базалар соғып, өзіміздің Түркістан киелі қаламызда спортшылардың жағдай жасап жатқаныңызға көптеген рахмет айтамын. Және де спортшылардың атынан осы Токио Олимпиадасында үлкен жетістікпен қайтып, сенімдеріңізді ақтаймын деген ойдамын».
Айта кетейік, Дүние жүзінің спортсүйер қауымының назарын аудартатын төртжылдықтың басты додасында Түркістан облысынан боксшы Сəкен Бибосынов, дзюдодан Дидар Хамза, байдарка жəне ескек есуден Наталья Сергеева, параканоэдан Бибарыс Спатай мен академиялық есуден Азия құрлығы елдерінде көш бастаған спортшы Владислав Яковлев бақ сынайтын болады.