Úı ANONS Шымкентте 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында «SHYMKENT MASTERS» турнирі өтуде

Шымкентте 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында «SHYMKENT MASTERS» турнирі өтуде

Шымкент қаласында 12 жасқа дейінгі спортшылар арасында «Мастерс» санатындағы жасөспірімдер турнирі өтіп жатыр. Додада жас таланттар жекелей және жұптық сында бақ сынауда. Турнирдің негізгі кезеңінде 64 қатысушы өнер көрсетсе, іріктеу кезеңінде 30-ға жуық жас теннисші негізгі додаға жолдама алу үшін өзара мықтыны анықтады.

АРУЖАН КАУМЕНОВА, ТЕННИСШІ: «Соңғы турнирде мен жекелей сында чемпион атандым. Онда ең үздік сегіз қыз бақ сынаған еді, солардың ішінен мен озып шықтым. Мен мінезімнің Соболенкоға, ал ойын барысындағы төзімділігімнің Рыбакинаға ұқсағанын қалаймын. Олар — менің кумирлерім».

Теннис ең қымбат спорт түрлерінің бірі болып саналады.Спорттық жабдықтар, кортты жалға алу, жаттықтырушылардың ақысы мен жарыстарға бару-қайту шығындарының басым бөлігі ата-аналардың мойнында. Соған қарамастан, көптеген отбасы баласының болашағы үшін уақыты мен қаржысын аямай жұмсап келеді. Олардың басты мақсаты — жас өрендердің бойындағы қабілетін шыңдап, корт төрінде үлкен белестерді бағындыруына жағдай жасау.

СӘУЛЕ БАБАХАНОВА, ӘЖЕСІ: «Біздің үйдегі назардың 90 пайызы осы тенниске аударылған. Бұл спортпен айналысатындар баланы қолдау үшін тек жанын ғана емес, бар күш-жігерін салады. Иә, бұл арзан спорт түрі емес. Бірақ Федерацияға алғысымыз шексіз, олар көптеген шығындарымызды өтеп беріп жатыр».

Бүгінде елімізде жасөспірімдер теннисі жаңа белеске көтерілді. Жыл санап жарыстардың саны артып, додалардың географиясы кеңеюде, соған сай бәсекелестік те күшейіп келеді. Тұрақты түрде ұйымдастырылатын республикалық және халықаралық турнирлер жас спортшылардың шеберлігін шыңдауына, рейтингтік ұпайларын түгендеп, жоғары деңгейде тәжірибе жинақтауына жол ашуда.

ЖАСҰЛАН САРТАЕВ, «SHYMKENT MASTERS» ТУРНИРІНІҢ БАС ТӨРЕШІСІ: «Бұл дода Шымкентте өтіп жатқан ірі халықаралық турнирмен тұспа-тұс келіп отыр. Осының арқасында біздің жас өрендеріміз кәсіби теннисшілердің шеберлігін өз көзімен көріп, тартысты матчтардан үлгі алуға мүмкіндік алды. Жалпы, соңғы бес жылда еліміздегі жарыстардың деңгейі де, саны да өсті. Бұған халықаралық және республикалық деңгейдегі турнирлердің жиілеуі дәлел».

Турнирдің финалдық бәсекелері 23 сәуір күні өтеді. Дәл осы күні доданың қорытындысы шығып, өз санаттары бойынша үздік шыққан жеңімпаздар анықталмақ. Сондай-ақ, алдағы уақытта жасөспірімдер арасында Billie Jean King Cup және Davis Cup командалық жарыстарын өткізу жоспарланып отыр. Бұл қадам жас теннисшілер арасында командалық ойын форматын дамытуға серпін бермек.

Ботакөз Әнуар