Жер, мүлік салығын төледіңіз бе? Өткен жылдың салық мөлшерін e-Salyq Azamat, Egov порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы білуіңізге болады.

Шымкенттегі бір ғана Абай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметіне сәйкес, көлік салығынан бір ауданда 600 млн. теңге берешек жиналған. Тіпті, бір көлік иесі 4 млн. теңге қарыз екен. Сала мамандары қордаланған берешекті төлемеген азаматтардың шоты бұғатталатынын ескертеді.

Сейтжаппар Байданов «Қазығұрт» шағынауданындағы жекеменшік үйінің салығын төлеуге келіпті. Егер де екі жыл бұрын мүлік салығы 6-7 мың теңге мөлшерінде болса, соңғы екі жылда салық мөлшері 8 мың 173 теңгеге жеткен.

«Өз еркімізбен келіп жылда осылай тамызға жеткізбей үйіміздің салығын төлеп кетеміз»-дейді Абай ауданының тұрғыны Сейтжаппар Байданов.

Салықшылар Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болғаннан бері тұрғын үйдің базалық құны 1 шаршы метріне 36 мыңнан 60 мыңға көтерілгенін ескертеді. Айта кетейік, эпидахуалға байланысты басқармаға келмей-ақ, міндетті төлемдерді e-Salyq Azamat, Egov порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары мен Қазпошта бөлімшелері арқылы өтеуге болады. Биылғы жылдың жаңалығы көпқабатты үйлердегі пәтерлердің салығына қатысты.

Абзал Егембердиев, Абай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының өндірістік емес төлемдер бөлімінің басшысы: «Пәтерлер бойынша, егер де бұрын 2 мың теңге пәтерге төлеп келсе, түбіртектегі жер салығы 20-30 теңге  болатын, енді оны  төлемейді. Биылдан бастап бұл төлем алынып тасталды, тек мүлік салығын төлейді».

340 мыңға жуық халқы бар Абай ауданында биыл салық төленуі тиіс 119 124 жылжымайтын мүлік объектісі тіркелген. Оның 6 532-ісіне жеңілдіктер қарастырылған. Көлік салығынан бір ауданның өзінде 600 млн. теңге берешек бар екен. Тіркелген көліктердің саны 98 мың.

Абзал Егембердиев, Абай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының өндірістік емес төлемдер бөлімінің басшысы: «Қазір барлығы қосымшалар арқылы төлемдер жүргізіледі. Сот орындаушыларымен  бірге  қарыздарды өндіру бойынша жұмыс атқарылуда. Берешекті төлеуден жалтарсаңыз, онда есеп шоттарыңыз бұғатталады. Сондықтан қарыздарыңызды уақытысында төлегеніңіз абзал. Ал көлікке қатысты  МАИ-да  есептен шығарып,  берешекті төлесеңіз, өсімпұл төлемейсіз, базада жыл сайын берешек шықпайтын болады».

Тұрғындарды міндетті төлемдерді өтеуге шақырған сала мамандары өткен жылдың мүлік және жер салығын төлеу мерзімі ағымдағы жылдың 1 қазанында аяқталатынын ескертеді. Ал былтырғы көлік салығын төлеу мерзімі биыл 1 сәуірде аяқталған болатын.

Шынар Оразова