Шымкентте 8 жасар қыздың түсіне кіріп зорламақ болған бала сотталып кетті

297

Шымкентте 8 жасар қызды зорламақ болды деп айыпталған жасөспірім бала 5 жылға сотталып кетті. Нақтырағы, апелляциялық сот 15 жасар Аймұрат Айбекке тағайындалған ауыр жазаны өзгертусіз қалдырды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Бір қызығы, сотталушы түгілі жәбірленуші тараптың өзі баланың кінәсіз екенін айтып сотта дәлелдеп баққанымен екі жақтың да уәжі мүлдем ескерусіз қалып отыр.

Ауыр жазаға кесілген жасөспірімнің ісін апелляциялық сот жабық есік артында өткізді. Істегі басты фигурант 10-шы сынып оқушысы 8 жасар қызға қол жүгіртті деп биыл сәуірде 5 жылға сотталып кеткен болатын. Арада бір сағаттан астам уақыттан соң соттың есігі ашылды да ауыр жазаға кесілген жасөспірімнің ботадай боздаған анасы шықты. Айтуынша, қыздың психикалық ауруы туралы анықтама мен оның ешқандай бүлінбегені туралы құжаттарды да сот тағы да назарға алмапты.

Айнұр Әділова, сотталушының анасы: «Кішкентай баланың тағдырына бұлар балта шауып жатыр. Кішкентай баланың тағдырын құртып жатыр. Әділ шешім сұраймыз. Дәлелсіз, иә. Бізде бүкіл қағаз бар, экспертизаны бәрін дайындадық, бірақ әділ шешім жоқ Шымкентте».

Жағдай былтыр жазда болған. Қыздың отбасы Аймұраттың үйінде бір бөлме жалдап тұрған екен. Бір күні 8 жасар қыз анасына қожайын ұлдың өзіне тиісіп зорлағысы келгенін айтыпты. Қыздың анасы болса ашумен бірден полиция шақырып, олар оқушыны үйінен жедел ұстап әкетіпті. Бірақ, жеткіншек қызымның психикалық ауруы бар екенін ескермедім, енді ұлға обал болды дейді сотқа келген қыздың шешесі.

Айгүл, жәбірленушінің анасы: «10 күннен кейін шәй ішіп отырған кезде қызым «Аймұрат тәте қайда» деді. «Аймұрат тәтеңді қамап қойды ғой сен тиісті деп айтқан соң» деген едім «мен оны түсімде көрдім ғой, мен оны бекер айтыппын ғой түсімді, соған бола Аймұрат тәтемді қамап қойды ма» деп айтты. Сосын мен тергеушіге бардым, мен қайтып алам арызымды қайтып алам деп, тергеуші арызыңызды қайтып ала алмайсыз, қайтып алсаңыз өзіңіз 10 жылға қамалып кетесіз, мен сізге арызыңызды бере алмаймын деп айтты».

Сотталушының қорғаушысы болса істе шикілік тым көп деп отыр. Яғни, полицейлер баланы қорқытып, сексуалдық сипаттағы әрекетке бардым деп күштеп жаздыртты дейді. Мұны сотталушының өзі айтып берген. Екіншіден, қыздың ақыл-есі кеміс деген сараптаманы сот назарға алмаған. Үшіншіден, қызды тексерткенде денесінен ешқандай зорлық-зомбылық белгілері анықталмады дегенді айтады.

Жарылқап Өмірзақов, адвокат: «Әр сараптамада бір-біріне қарама-қайшы болған кезде сот оны жоюға әрекет жасау керек, көз жеткізу керек, мынау қылмыстық кодекс талаптарына сай болжамдарға сілтеме жасауға болмайды. Болжаммен адам соттауға болмайды».

Ал, апелляциялық сот болса шешімді мың ойланып, дәлелдерге сүйене отырып шығардық дейді. Бірақ, заңнамаға сәйкес мұндай істе ашық айтуға болмайтындықтан дәлелдерді жарияламаймыз дегенді алға тартты.

Ербол Жанғазин,Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы: «Енді бір нақты әрекеттер жасады, зорлық-зомбылық әрекеттер жасады».

–Нақты қандай?

– Жаңағы айтып отырмын ғой жыныстық тиіспеушілікке қатысты.  Сізге бәрін анандай сөздермен айтып, ол мына кісі жаңа айтып қалды ғой сондай мәселелер. Оның бәрін біз айтуға міндетті емеспіз. Негізі жабық сот отырысы».

Екі күн бұрын ғана 16 жасқа толған жасөспірім әзірше уақытша қамау абақтысында отыр. Бірақ, соңғы соттың шешімі күшіне енген соң колонияға ауыстырылуы тиіс. Алайда, баланың жақындары мен жәбірленуші тарап енді үкім күшін жойсын деген талаппен Жоғарғы Сотқа арызданбақшы.