Шымкентте вакцинадан бас тартқан ер азамат короновирустан көз жұмды

274

 Шымкентте коронавирус салдарынан 41 жастағы ер адам қайтыс болды. Үшінші мегаполис бас дәрігерінің айтуынша, тұрғынның отбасы түгел екпе ектірген. Тек індеттен көз жұмған марқұм ғана вакцинаға қарсы болған екен.

Бүгінде қауіпті індетпен күресудің жалғыз жолы вакцина салдыру екенін алға тартқан Бақытжан Позилов оның маңыздылығын халық түсінуі керек дейді

Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек ел бойынша короновирус пен пневмониядан 30 адам қайтыс болды. Соның бірі 41 жастағы шымкенттік тұрғын. 4 баласы бар азаматтың отбасында барлығы екпе ектірген. Тек қайтыс болған науқас қана вакцинаға қарсы болған көрінеді. Қаланың бас дәрігерінің айтуынша вакцина салдырмаған ер кісінің ағзасы тәжівирусымен күресе алмаған.

Бақытжан Позилов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Біріншіден ол вакцина алмаған. Бүкіл туған-туыстары салдырған екен. Әкесі, шешесі мен әйелі де вируска қарсы екпе салдырған. Тіпті, 18 жасар баласы да вакцина алған. Ал өзі салдырмаған екен. Не үшін алмадыңыз деп сұрасақ. «Мен вакцинаға сенбеймін»,- деп жауап берді. Ал бүгін қайтыс болды».

Айта кетейік, Шымкентте короновирус індетін жұқтыру дерегі әлі де бәсеңдемей тұр. КОВИДке шалдыққандардың 33,8 пайызы вирусты той-томалақта жұқтырған. Шаһардың бас дәрігері осылай мәлімдеді. Сондықтан ақ халаттылар үйде болуға кеңес береді. Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасының басшысы тәжівирустан құтылудың бір ғана жолы екпе ектіру екенін алға тартып отыр.

Халықтың 70 пайызы вакцинацияланғанда ғана қауіпті індетті жеңуге болады дейді ол.

Бақытжан Позилов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Короновирустан емделудің бір-ақ жолы бар. Оның ішінде осы дельта штамын тек қана вакцинациялау арқылы жеңуге болады. Бұдан басқа короновирусты емдейтін дәрі-дәрмек жоқ. Сол үшін құрметті Шымкент қаласының тұрғындары қазіргі таңда сіздер үшін барлық жағдай жасалған. Кез-келген емханаға, тек өзіңіздің емханаңыз емес кез келген емханаға жолдан түсіп қалып вакцинаны тегін салдыруға біз шақырамыз».

Айта кетейік, соңғы тәулікті 127 шымкенттік короновирус індетін жұқтырған. Бүгінде мамандандырылған инфекциялық стационарда барлығы 1416 төсек орын болса, оның 716-ы бос емес. Ал, жыл басынан бері қауіпті індеттен ел бойынша 173 адам ажал құшқан.

                                            Мөлдір Ибадуллаева