Шымкент тұрғыны қайтыс болғаннан кейін органдарын алуға келісімін бергенін СМС хабарламадан соң бір-ақ білген. Егов сайтындағы жеке кабинетімді тексерген соң таң қалып отырмын дейді ол.

Оның келісімінсіз біреу мәйіт доноры боламын деп өтінішке қол қойған екен. Тұрғын мұның өзі істемегендігін және мұның дінге де қайшы екендігін айтады. Ал өтінішті енді кері қайтарып ала алмайды екен.

«Сіздің өтінішіңіз жергілікті әкімдіктің орындауында». Осы хабарлама бірыңғай байланыс орталығы 1414-тен 23 шілде күні Абай Тоқтарбайға келіп түскен. Егов сайтындағы кабинетін тексеруді шешкен ол ондағы хабарламаларды көріп, таң қалғанын жасырмайды. Онда Абай қайтыс болғаннан кейін органдарын донорлыққа беруге келіскен. Ал өзі бұл жағдайдан мүлдем бейхабар екенін айтады. Ол ешқандай өтініш қалдырмағанын және дін тарапынан да бұл қарама-қайшы дейді. Ал цифрлық электронды қолтаңба тек өзінде ғана бар.

Абай Тоқтарбай, Шымкент қаласының тұрғыны: «Менің Еговтағы құпия сөзім стандартты емес еді, мен оны қиын етіп қойғанмын, кілтсөзді ешкімге айтпағанмын. Мұны медицина қызметкерлері істеген деген күдігім бар, бірақ неге екенін білмеймін. «Мен қайтыс болғаннан кейін донорлыққа ағзамды беремін» деп келісімімді берген жоқпын, сол үшін бұл өтінішті алып тастағым келеді».

Ер кісі ол өтінішті қалай кері қайтару керек екенін білмей дал. Абайдың айтуынша, ол бірнеше күн бойы қалалық әкімдік пен Бірыңғай байланыс орталығына хабарласқан, бірақ оның рұқсатынсыз органдарды алып қою туралы келісімге кім қол қойғаны туралы сұраққа жауап әзірге ала алмапты.

«Мемлекеттік қызметті электрондық форматта қызмет көрсету қағидаларына сәйкес электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе смс-кілтсөз арқылы қолхатпен жүзеге асырылады. Бұл жағдайда басқа тұлғалардың сіздің электрондық цифрлық қолтаңбаңызсыз мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндігі жоқ».

Бұл жүйенің қателігі ме, әлде мемлекеттік қызметшілердің өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, жасаған заңсыз әрекеті ме? Бұл сұрақтың жауабын адвокат Евгений Яворский құқық қорғау органдарына хабарласып, өтініш қай құрылғыдан берілгенін білуге болатынын айтады. Тек осы жағдайда заң бұзушыларды жазаға тартуға болады.

Евгений Яворский, адвокат:  «147-бап. Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу. Қылмыстық құқықтағы бұл бап біздің жеке деректерімізді қорғайды және кез-келген адамға, оның ішінде мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлеріне деректерімізді пайдалануға тыйым салады. Осы баптың 5-ші бөлігі бойынша жеті жылға дейiнгi жаза қарастырылған».

Адвокаттың айтуынша, Абай Тоқтарбай енді азаматтарға арналған электрондық үкіметке ресми хат жіберу керек. Және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоға арыз түсіруді ұмытпаған жөн.