Шымкенттің бас дәрігері: «Ақ халаттылар шаршады»

114

 Ақ халаттылар вакцинаның тиімділігін айтудан шаршады. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов осылай деді. Сөзінше, тұрғындар әлі де жалған қауесеттерге сеніп жүр. Соның салдарынан жағдай күннен күнге ушығып барады. Шаһардың бас дәрігері халықты саналы түрде ойлануға шақырды.

Дәрігерлер халыққа түсіндіруден шаршады. Осылай деген Шымкенттің бас дәрігері тұрғындар вакцинаны шетелдегідей жаппай салдырса, эпидахуал мұндай болмас еді дейді. Себебі қалада соңғы тәуліктің өзінде 445 адамнан кви анықталған. Ал жыл басынан бері бір мегаполистің өзінде 335 адам қауіпті індетте көз жұмды. Өкініштісі, оның ешбірі вакцина қабылдамаған екен.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Шаршау физикалық түрде емес. Түсіндіруден шаршадық біз. Халыққа қазақша, орысша түсіндіріп жатырмыз. Қажет болатын болса, басқа тілде де түсіндіріп береміз. Барлық жерде жазулы. Алайда вакцинаға келмейді. Теріс пікірлерді жазады. Қайдағы жоқ бір чип дей ма. Қайдағы жоқ бір вертолетпен дәрі шашып жатыр дейма? Саналы адам осы нәрселерді айта ма? Егер халық дұрыс түсініп, вакцинаны шетелдегідей таласып тармасып жасайтын болса, той-томалаққа бармайтын болса, саналы адам болып. Онда біз мынадай жағдайға түспес едік».

50 жас шамасындағы әйел адам антиваксерлердің кесіренен о дүниелік болды дейді Бақытжан Позилов. Айтуынша, науқастың отбасындағы барлығы екпе салдырған, тек көз жұмған азаматша ғана бас тартқан екен. Салдарынан 5 баланың анасы 13 күн дертпен арпалысып, 14-ші күні көз жұмыпты. Айта кететін тағы бір жайт, антидот қабылдаған отбасы мүшелерінің барлығының полимеразды тізбекті реакция сынамасы теріс көрсеткен.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Әйелдің өзі жоғарғы оқу орны бітірген. Яғни, білімді әйел. Алайда антиваксерлердің пікірімен қатып қалған.» «Маған салуға болмайды. Өліп қалады екенсің»  деген сияқты. Өте теріс әрі дұрыс емес пікірмен. Нәтижесінде ауырды, туған туысының біреуі де ауырған жоқ. Үйіндегілерінен бірінен де пцр оң шыққан жоқ. Біз бәрін тексердік. Егер де ол әйелде туыстары сияқты вакцина салдырғанда қазір тірі жүретін еді».

Айта кетейік, бүгінде Шымкентте 19 стационарда 2255 адам ем қабылдап жатса, оның 343-нің жағдайы ауыр. Ал жан сақтау бөліміндегі 462 төсек-орынның 74 пайызы бос емес.
                                          Мөлдір Ибадуллаева