Түркістан облысында ауыл әкімдерінің сайлауы басталды

95

 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттілігі жөнінде бастамасына сәйкес, ағымдағы жылдың 25 шілдесі күні ауыл әкімдері сайлауының алғашқы кезеңін өткізу белгіленген болатын.

Осыған орай, Түркістан облысында ауыл әкімдерінің ашық сайлауы басталды. Түркістан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиевтің айтуынша, бүгін жалпы облыстағы 241 сайлау учаскесінде ауыл тұрғындары өз таңдауларын жасайды. Сайлаудың алғашқы кезеңінде 60 ауыл округіне 166 үміткер бақ сынайды.

Түркістан облысында таңғы сағат 6:00-де сайлау болатын барлық 60 сайлау округіндегі 241 учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері келген БАҚ өкілдерінің, байқаушылардың, сенім білдірген адамдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінің қатысуымен сайлау туралы заңның талаптарына сай, барлық процедураларды орындай отырып сайлау учаскелерін ресми түрде ашты. Дауыс беру таңғы 07:00-де басталып, кешкі 20:00-де аяқталады.

Жалпы 60 сайлау округінде 265 146 сайлаушы дауыс береді деп күтілуде. Барлық учаскелерде азаматтарға тиісті жағдайлар жасалған. Пандемия жағдайында сайлау учаскелерінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті сақтау үшін тиісті шаралар қабылданған. Сайлауға қатысатын 1 549 сайлау комиссияларының мүшелері бетперделермен, арнайы қолғаптармен, антисептиктермен жеткілікті түрде қамтылған. Дауыс беруге келетін сайлаушылар мен басқа да азаматтарға антисептиктер, термометрлер орнатылған. Келген сайлаушыларға бетперделер дайындалған. Барлық сайлау учаскелері дәрігер мамандармен қамтылған.

Аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2021 жылғы 25 шілдеде елорда уақытымен сағат 07.00-дегі жағдай бойынша аудандық маңызы бар 2 ауылда, 3 кентте, 55 ауылдық округте 241 сайлау учаскелері дауыс беруге кіріскен.
Сайлаушылардың сайлау учаскелеріне келуі туралы келесі ақпарат аумақтық сайлау комиссияларының ғаламтор беттерінде Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 10.00-де, 12.00-де, 14.00-де, 16.00-де, 18.00-де, 20.00-де және сайлаушылардың келуінің алдын ала қорытындылары туралы ақпарат 21.00 -де ұсынылатын болады.