Үкімет: Елде эпидахуал ушығып тұр

94

Вакциналарды дұрыс сақтамау, «қыңыр» антиваксерлер және кейбір аймақтарда ковидка қарсы екпенің баяу жүруі. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, онда Денсаулық сақтау министрлігі мен кейбір қала мен облыс әкімдерінің жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, жағдай оңалмай, керісінше күн сайын пандемия қарқын алуда.

Ауру саны артып келеді, күн сайын өлім жағдайлары тіркеліп, екпе салдырғысы келмейтін адамдар вакцинацияға кедергі келтіруде.

Елдегі кейбір вакцинация пунктерінде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина дұрыс сақталмаған. Бұл туралы ел Президенті үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев бұл фактілер нақты қай жерде анықталғанын және қанша адам температуралық режимі сақталмаған вакцина егілгенін нақтылаған жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Вакцинаны сақтаудың температуралық режимін бұзудың көптеген фактілері анықталды, 30 вакцинация пунктіне дейін, бұл оның әрекет ету тиімділігін төмендетеді».

Сонымен қатар, Президент екпе салдырудан бас тарту себептерін саралауды тапсырды. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі Ақпараттық және әлеуметтік даму министрлігімен бірлесе отырып, нақтылауы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев иммундау қарсыластарының әлеуметтік портретін жасауды тапсырды. Оның негізінде қазақстандықтардың вакцинациядан неге бас тартатынын білуге болады

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Денсаулық сақтау министрлігі Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігімен бірге аймақтар тұрғысынан тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізуі керек. Біз антиваксерлердің нақты кім екенін түсінуіміз қажет. Олардың толық әлеуметтік портреті болу тиіс. Біз бұл іске құқық қорғау органдарын да тартуымыз керек. Өйткені, бұл жерде қастандық теориялары мен мемлекетке қарсы ашық әрекеттер өте көп. Біз жағдайды түзету үшін бірлескен шаралар әзірлеуіміз керек».

Елдегі эпидахуал күн сайын күрделеніп барады. Үш қала мен 12 облыс «қызыл» аймақта. Күніне 1300-ге жуық науқас тіркелуде. Осы орайда ел президенті вакцинация қарқынын жеделдету керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Жедел түрде вакцинация деңгейі төмен аймақтарға әдістемелік көмек көрсету, көңіл-күйді зерделеу, температураны өлшеу үшін мобильді топтар құру қажет. Вакцинацияланғысы келмейтін адамдармен жұмыс жасауда сараланған тәсілді қолдану қажет. Бұл топ біркелкі емес. Екпе салдырудан бас тарту себептері әртүрлі. Барлық әдіс-тәсілді пайдалану, соның ішінде, әлеуметтік желілер арқылы олардың көзін жеткізу керек. Сондықтан өз дегенінен қайтпайтын азғана антиваксерлерге бола, отбасыларын өз еңбегімен асырап отырған азаматтарымыздың денсаулығын қатерге тіге алмаймыз».

Президент барлық күш індетпен күресуге жұмсалғандықтан денсаулық сақтаудың басқа салалары зардап шегіп жатқанын айтты. Қан айналымы жүйесі, жүрек аурулары салдарынан өлім көп тіркелуде. Олардың арасында жүкті әйелдер де бар. Сондықтан, пандемия жағдайында медициналық көмектің қол жетімділігін қамтамасыз ету маңызды.

Президент министрлерге жедел іс-қимылдардың нақты жоспарын қабылдауды және нәтижелері туралы бір ай ішінде есеп беруді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыр науқастар санының өсуіне жол бермеуге бұйрық берді.