Жыл басынан бері балаларын қараусыз қалдырған 41 ата-анаға әкімшілік іс қозғалған. Бұл туралы Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қараусыз қалған балалар табылса, олардың ата-аналарына міндетті түрде әкімшілік іс қозғалады. Осы жылғы шомылу маусымы кезінде балаларға жауапсыз қарағаны үшін 41 адамға әкімшілік іс қозғалған.
Бауыржан Сыздықов, Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы: «Полиция өкілдерімен бірге патруль, рейд жасаған кезде қараусыз қалған балаларды тапсақ немесе суға батып бара жатқан балалар құтқарған жағдайда олардың ата-аналарына міндетті түрде әкімшілік іс қозғалады. 3228 (2231) адам шомылу кезінде заң бұзған болса, соның ішінде 41 адамға балаларға жауапсыз қарағаны үшін әкімшілік іс қозғалып отыр».
Сонымен қатар, Бауыржан Сыздықов жауапсыз ата-аналарға дамыған елдерде қолданылатын шараларға тоқталды. Сөзінше, бүгінгі таңда Германияда, Ұлыбританияда, АҚШ-та баласын қараусыз қалдырғаны үшін ата-анасының үстінен қылмыстық іс қозғалады.
Жауаптылар мәселе ата-анаға қолданатын шарада емес. Айыппұл салып, қылмыстық іс қозғау баланың өміріне төнген қауіптің қасында ештеңе еместігін айтады. Сондықтан, ата-аналарға баласының қауіпсіздігі үшін төтенше жағдай қызметінің өкілдерімен бірлесіп әрекет етуге, жас буынды қауіп-қатерден бірге қорғауға шақырады.
Олжас Айдарбек