Асар шағынауданы тұрғыдарының дені – Өзбекстаннан келген қандастарымыз. Мұндағы әр үйдің ауласында жылыжай бар. Кәсіпке айналдырып, күнкөріс етсін деген мақсатта берілген. Бірақ, тұрғындардың айтуынша қазір бұл шаруашылықпен халықтың 8-10%-ы ғана айналысып жатыр. Мұның бірнеше себебі бар. «Ақ жол» фракциясының мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мен жергілікті депутаттар асарлықтардың мәселесін тыңдау үшін кездесу өткізді.
Қандастарымыз кейбірі үйінің ипотекасын төлей алмай жатыр. Ай сайын банк қызметкерлері келіп, «ақшаны төлемеген жағдайда үйді босатыңдар» деп талап етеді екен. Бұл туралы ауыл биі Әзімбай Пазылбеков айтып берді. Сөзінше, ақсақалға мәселесін айтып келетіндер қарасы көп.
Әзімбай Пазылбеков, Асар шағынауданындағы №6 учаскенің биі:
«Бізге ипотекалық үй салып берген. Бұл үшін үкіметке, Елбасына ерекше алғыс айтамыз. Бірақ, бізде мәселе болып тұрғаны жесір бар ма, жетім бар ма, бәрі де Өзбекстаннан келген қандастарымыз. Көбінің балалары – кішкентай. Біразы көпбалалы отбасылар. Сондықтан оларға үйдің ипотекасын төлеу қиындық туғызып жатыр. Сол үшін кішкене жылын ұзартып берсе деп отырмыз. Мысалы менің учаскемде 6 балалы бір азамат бар. Әйелінің денсаулығы жарамайды. Бір өзі жұмыс істейді. Міне сондай отбасылар ипотеканы жабуға қиналып отыр. Ал оларға әр екі ай сайын банк қызметкерлері келіп, «ақшасын төлеңдер немесе босатыңдар» деп қыспаққа алады. Ол азаматтың балалары да енді өсіп келе жатыр. Әлі табыс табатын жасқа жеткен жоқ қой. Сондай отбасыларға кішкен қолдау білдіріп осы мәселені шешіп берсе жақсы болар еді».
Мәжіліс депутаты ауладағы жылыжайды кәсіп етіп, ақша табуды ұсынды. Сөйтіп, үйдің қарызынан да құтылуға болады деп жауап берді.
— Енді көпшілік болған соң мұндай мәселелер де болады. Кезінде сол несиені өтесін деп әр үйдің алдына жылыжай жасалған. Сол жылыжайды жақсы дамытқандар несиесінен құтылды. Кейбіреулері кәсіпті дамыта алмай, мойындарында қарыз болып қалған. Уақытын ұзартуды сұрап отырса, өте дұрыс. Жағдайларына қарау керек. Бұл мәселені біз Асардың басшылығымен сөйлесеміз. Мәселе жолға қойылады деп ойлаймын,-деп сендірді Қазыбек Иса.
Иә, кезінде әр отбасына кәсіп болады деген мақсатта әр үйдің алдына жылыжай салынғаны рас. Бірақ халық қазір бұл шаруаны дөңгелетіп алып кетті ме? Жоқ, тек 8-10 %-ы ғана жылыжайға дақылын өсіріп күн көруде. Қалғаны неге жылыжаймен айналыспайды? Асарлықтардың айтуынша, бұған жағдай жасалмаған екен. Суғаруға техникалық су жоқ.
— Бізге кезінде жылыжай салып берген. Бірақ бізде жылу жоқ, техникалық су берілмеген. Сонымен шығын көбейіп, біздің баға базар нарқынан қымбат болып кетті. Сөйтіп, істеген еңбегімізді ақтамай қалды. Мәселен үстіне жабатын кленкаларымыз 100 000 теңгеден асып кетті. Ал біз оны ақтай алмаған соң көп жылыжай бос тұр. Бірақ, ішіне жылу кіргізіп, көмір жағып істеп отырғандар баршылық. Мұндайлар халықтың 8-10 пайызын ғана құрайды. Бізде кезінде жылыжай өсірдік. Мысалы алғашқы жылы қияр ектік. Оны екі базарға алып барсақ жақсы нарықта сатамыз да, үшінші базарға алып барғанда ішінде жылу болмағаннан кейін егістіктегілер піскен соң біздікі ақтамай қалды. Келісі 20 теңгеге дейін түсіп кетті,-дейді Әзімбай Пазылбеков.
Техникалық су алғашында 2 жыл ғана беріліпті. Асар шағынауданында 13 жылдан бері тұрып келе жатқан ауыл биінің сөзінше, берілмей қойғанына 7-8 жылға жуықтапты. «Жылыжай кәсіп етіп, сол арқылы үйдің несиесінен құтылуға болады» деген мәжілісмен бұл мәселені де асардың басшылығына жеткізіп шешілуіне ат салысамыз деп сендірді.
Қазыбек Иса, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, « Ақ жол» фракциясының мүшесі:
«Әр отбасыда әртүрлі жағдай болады. Жылыжайды өсірмей қоюына себеп те әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, көбі үйдің несиесін құтылып болған соң оны қажет деп таппаған болар. Алайда, ипотеканы жапса да жылыжай арқылы кәсіп етуге болары еді. Бірақ, тұрғындар оған жағдай жоқ деп жатса мұны Асар шағынауданының басшылығына жеткіземіз. Техникалық су мен жылудың мәслесін жолға қоямыз. Кемшіліктердің орнын толтыру керек».
Асар тұрғындарының екінші бір мәселесі – жұмыссыздық. Өзбекстаннан білім алып келген мамандар алғашында жұмыс таба алмай қиналған көрінеді. Қазір де көбі көлік жүргізушісі, күзетші сынды қызметте істейді екен. Алайда, ауыл биінің айтуынша алғашқы жылдарға қарағанда сәл де болса жағдай жақсарып келеді. «Тағы бес жылда болса, еңсесін тіктеп алады» дейді ол. Ақсақал қандастардың тәрбиесі мен еңбекқорлығына тәнті болғанын жасырмады. Ұйымшылдықпен сенбілік жасап, ауламызды таза ұстағанымыздың арқасында қала бойынша Ең таза қала номинациясын жеңіп алғанын мақтанышпен жеткізді.
— Ауламызды өте таза ұстаймыз. Бірігіп сенбілік ұйымдастыруды әдетке айналдырғанбыз. Әр үйдің қыз-келіншегі таңертең ерте тұрып өз ауласын, көшесін су сеуіп сыпырады. Барлығы тазалыққа бет бұрған. Қаладағы ең таза көше біздікі десек қателеспейміз. Біздің күш – бірлікте. Әрі қандастарамыздың бала тәрбиесіне деген ықыласын да айтпай кетуге болмайды. Жолда өтіп бара жатқан 5 жасар бала да амандасып өтеді. Қазір шыны керек, көп жасөспірім танымаған адаммен сәлемдеспейді ғой. Ал бізде танысын-танымасын саулығыңды сұрап өтеді. Бұл отбасындағы тәрбиенің мықты екенінің айғағы-дейді Әзімбай Пазылбеков.
Расында, ақсақалдың бұл сөзіне шүбәсіз сенуге болады. Асар шағынауданында жайқалып өсіп тұрған ағаштар мен көшенің тазалығына қарап тұрғындардың ұйымшылдығын бірден аңғарасың. Сондай-ақ отбасындағы баланың тәрбиесі жөнінде айтқан ақсақалдың пікірін мектеп мұғалімдері де растап отыр. Мәселен, пәленше түгенше бұл аймақтың тұрғыны емес. Бірақ Асарда орналасқан №90 мектеп балаларына білім береді екен. Ұстаз, алғаш рет жұмысқа кірген сәтінде оқушылардың бір-біріне деген ілтипатты ерекше екеін көріп таң қалдым дейді.
Гүлнафиз Мұқтарқызы, мұғалім:
— Мектепке ұстаз болып келегеннен бастап мені балалардың тәрбиесі қызықтырды. Қандастарымыз бала тәрбиесіне аса назар аударатыны көрініп тұр. Оқушылар өте мәдениетті әрі ұстазды сыйлай біледі. Бір-біріне деген құрметі де өте ерекше. Шынында, адам сүйсінерліктей бауырмал деуге болады. Біздің мектеп жыл сайын білімге аса назар аударғаны себепті жоғары сынып оқушылары да көп ауысып келіп жатады. Бірақ, осы уақытқа дейін жасөспірімдердің арасында бір-біріне деген түсініспеушілік байқаған емеспін. Әдетте, кішкентай кезінен бірге оқымаған балалар арасында бөлектеу кездесіп жатады ғой. Бірақ бұл тәрбиеге байланысты екеніне көзім жетті.
Мөлдір Ибадуллаева
Ontustik Rabat газетінің №33 саны (19.08.2021)