Балаларына азғындық жасап, 10 жылға сотталды

167

Әкенің балаларына жыныстық зорлық-зомбылық оқиғаларының айтылмай қалып қойғаны қаншама. Бала айтудан жасқанады, ересектер «жабулы қазан жабулы күйінде қалса» деп ойлайды. Әйткенмен баласының тағдырына бей-жай қарамай, полицияға хабарласатын аналар да бар. Соның бірі — осы хикая.

Негатив ақпараттар салдарын заманның ағымынан көреміз. Әрине, бәрін заманға жауып қойған ыңғайлы. Дегенмен, арам пиғылды іске асыратын заман емес, адам екенін ұмытуға да болмас, сірә.

Шымкенттегі бір отбасының оқиғасы осы сөзімізге дәлел болса керек. Бұлай дейтініміз — отағасы тұңғыш ұлына сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткен. Бұл әрекетін қалыпты жағдайға балаған.
Хикаямыз кәмелет жасына толмаған бала өміріне қатысты болған соң кісі есімдері жасырын.

Сонымен тұңғыш ұл туғанда әкесінің қуанышында шек болмаған
Сәби күтіміне көмектесіп, үй-шаруасына да қолғабыс еткен.
Өзінің шаруасын да ұмыт қалдырмайтын отағасы әйелі мен баласын аш қалдырмаған.
Тұрмыстары көрші-қолаңнан артық болмаса кем емес. Отбасының барлық шығынын өз мойнына алған отағасы әйелінің жұмысқа шығуына қарсы болады.
Материалдық қиындық көрмеген әйелі де жұмысқа шығуға асықпапты. Бала тәрбиесімен айналысып, жолдасының қас-қабағына қарайды. Осылайша, араға 3 жыл салып қыз босанады. Содан кейін тағы бір қыз және үш ұл бала дүниеге келіпті.

Айрандай ұйып, тату-тәтті өмір кешіп жатқан бұл отбасының ішке бүккен сыры бар болып шықты.
Әкесі ұлына деген махаббаты мен қамқорлығын жинап қойып, зорлық-зомбылыққа да барған.
Мәлім болғаны — әкесі ұлын 5 жасынан бастап 10 жыл бойы азғындық жасап келіпті. Мұны екеуінен басқа ешкім білмеген

Озбыр әкенің бұл тірлігі жасырын қала берер ме еді?! Ол нәпсісіне ерік беріп, туған қызына ауыз салмақ болады. Отанасаның сөзінше, ол бұл сұмдықты ешқашан ұмыта алмайды.

— Отбасымның тірегі, балаларымның әкесі деп жүрген адам — зорлықшыл болып шықты. Сондай адаммен 20 жыл өмір сүргеніме, айналамда орын алып жатқан сұмдықты көрмегеніме ашулымын,-деді әйелі.

Айтуынша, сол бір күннің басқа күндерден ерекшелігі болмаған.
Бәрі әдеттегідей. Үй шаруасы, күйбең тіршілік. Тыныш күннің шырқын отағасының өз перзентіне жасаған айуандығы бұзады.

Туған ұлын 10 жыл бойы қорлаған әке үйде басқа балаларының бар екеніне де, әйелінің жүргеніне де қарамастан 12 жастағы қызына да тиіседі.
Кенет үйіне кіріп келген әйел сүйіп қосылған жарының туған қызына тиісіп жатқанын көріпті. Мұндай сұмдыты көріп, есінен танып қалады.

Есін жинап, қызының денсаулығы мен өміріне алаңдаған ана сол сәтте полицияға қоңырау шалып, мән-жайды баяндапты.

Әйткенмен отағасының бұдан да үлкен «құпиясының» бар екенін білмеген.

Тергеу-тексеру амалдары басталған кезде отағасының үлкен ұлына жасаған жыныстық зорлық-зомбылық әрекеті де әшкере болады
15 жасар бозбала әкесінің зорлығын айтып береді.

Ол мұны әке мен бала арасындағы қалыпты қатынас деп түсініп келгенін де жасырмаған. Өйткені әкесі солай деп сендірген.
Оның түсініктемесін әкесі де тергеу барысында растаған. Еш бүкпесіз шынын айқан.

Осылайша зорлықшыл әке 10 жылдан бері ұлына көрсеткен қиянаты мен 12 жастағы қызына жасаған азғындығы үшін жазасын алып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

10 жыл бойына әкесінің жыныстық зорлығына ұшырап келген баланың психологиясы бұзылған.
Анасы «Көмек» оңалту орталығына жүгініп, баласынан байқаған теріс әрекеттерді баяндапты.
«Көмек» оңалту орталығының басшысы Малика Жүсіпова мамандармен бірігіп, баланың жағдайын түзетуге кірісті.

— 21 жылда балаға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық әрекетін жасаған 4 адамның жазаланып, бас бостандығынынан айыруға септігім тиді.

Педофилдің ең жасы — 33 жаста еді. Ол туған қызын зорлаған. Соны білген анасы бізден құқықтық көмек сұрады. Біз қолдан келгенше көмектестік. Сараптамаларды жасатуға, істі сотқа дейін жеткізуге көмектестік.
Тағы бір оқиғаның кейіпкері — тараздық әйел мен қызы. Оларға да психологиялық-құқықтық көмек көрсеттік.
Үшінші оқиғада әкесі 11 жасар қызын зорлаған. Оларға да барынша көмектестік. Бас сауғалайтын жері болмаған соң, біздің орталықты паналады.
Төртінші оқиғада, өгей әке 5 жасар қызды зорлауға оқталған. Алайда, анасы біліп қойып, қызын сұмдықтан аман алып қалды. Арампиғылды өгей әкеге қатысты іс қозғаттық. Оның бірінші некеден туған қызына зәбір көрсетуге оқталғаны анықталды. Бірақ бірінші әйелі арызданбаған. Ажырасып, басқа қалаға көшіп кетуді дұрыс санапты. Сол кісінің берген мәлімдемесі біздің жұмысымызды жеңілдетті, — деді Малика Жүсіпова.

«КӨМЕК» оңалту орталығының мекенжайы:
Шымкент қаласы, Водопьянов көшесі, 1Б үй
Байланыс телефондары:
8 707 025 29 54 8 702 432 61 32
8 702 502 25 03 8 705 372 22 27
8 701 477 83 59

«Ontustik Rabat» газетінің №31 санында (05.08.2021 ж) жарық көрді
«Үрейін жеңгендер» жобасының үшінші мақаласын
дайындағанbeine.pro шығармашылық тобы

Бұл жоба АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Қазақстандағы Internews өкілдігінің «MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы» аясында жүзеге асты.