ІІМ 5 өңірде ауқымды арнайы операция өткізді: 32 адам ұсталды

134
фото информ.кз

Ішкі істер министрлігі еліміздегі 5 өңірде ауқымды арнайы операция өткізді. Барлығы 32 адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысындағы кеніш және кәсіпорындардағы алтыны бар материалдарды жымқырумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесу үшін Ішкі істер министрлігі арнайы мақсаттағы жасақты тарта отырып Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақмола, Маңғыстау облыстарында арнайы операция өткізді.

Қылмыстық жүйені ұйымдастырушылар заңсыз алтын іздеуші «бригадирлерді» қаржыландыра отырып заңсыз алтын өндіру жұмысын жүргізуге жағдай жасаған. Кешенді іс-шара барысында қылмыстық жүйенің барлық әрекеті құжатқа түсірілді. Оның ішінде заңсыз алтын өндіруден бастап, дайын зергерлік бұйымды сату орындары да қамтылған. Тіпті өнімді көліктегі жасырын орында алып жүру, оған қолдан жасалған құжаттар әзірлеу де бар.

27 тамызда 40 нысанды тінту кезенді мынадай заттар тәркіленді:

– алтыны бар металды өнідіретін цехтың қызметін ұйымдастыруға қажетті құрылғылар (ұстату қондырғысы, химикат-реактивтер және басқа да қолдан әзірленген саймандар);

– Алматы мен Шымкенттегі зергер бұйымдарын балқытатын және әзірлейтін екі жасырын цех (балқыту станогі, алтын құятын қалып, концентраттар және басқа да құрал-жабдықтар);

–95 млн 801 мың теңге және 356 мың АҚШ доллары; – алтын бұйымдар мен ұсақ алтын қиыршығы, жалпы салмағы 10 келіден асады;

– 13 қымбат көлік (2020-2021 жылғы Lexus LX 570, Nissan Patrol, Toyota);

– 5 қару;

– Шымкенттегі жасырын цехтың қызметіне қатысты құжаттар.

Қылмысқа қатысты деген күдікпен 32 адам ұсталды, оның 9-ы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабымен уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық топты ұйымдастырушылардың үстінен Қылмыстық кодекстің 262-бабы 1,2-бөлігімен, 188-баптың 4-бөлігімен, 196-баптың 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.