«Тұмау белгілері пайда бола бастағанда бірден мобильді бригада шақыру қажет». Бұл туралы Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқарамасының басшысы Бақытжан Позилов айтты.
Оның сөзінше, науқастар ақ халаттыларға жүгінудің орнына өз бетінше емделеді. Ал, бұның соңы өлімге алып келу мүмкін дейді. Сонымен қатар, тіпті кейбір тұрғындар ғаламтордан, туыстарынан сұрап емделгенін айтады.
Ешқандай дәрігердің тағайындауларынсыз дәріхана қызметкерінен де дәрі сұрап емделмеуге шақырады.
Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Біздің тұрғындардың жасап жатқаны дұрыс емес, олар дәріханаға барып, «мен ауырып тұрмын, маған қандай дәрі бересіз» десе, сол жердегі фармацевттердің дәрі беріп жатқандығы түпкілікті дұрыс емес. Ем тағайындауды медицина қызметкерлері, дәрігер беруі керек. Олар сол жерден көптеген зиянды дәрілерді алып, 10 күн егу жасап ауруды асқындырып жатыр. Дәрігерлердің көмегіне жүгінбеген. Интернет арқылы ем алған. Өткен жылғы емдерді алған. Таныстарынан естіп, дәріханаларға барған. Түрлі күмән келтіретін егу бөлмелеріне барып ем алып, дұрыс елделмей ауыр жағдайда науқастар көбейіп отыр. Сол үшін құрметті Шымкент қаласының тұрғындары тұмау белгілері пайда болған кезден бастап мобильді топтарды шақырыңыздар. Олар жеткілікті жұмыс жасап жатыр».
Бақытжан Позилов мобильді топтар қаладағы емханалардың барлығында бар екенін жеткізді. Әр тұрғын өзінің тіркелген емханасына немесе учаскелік дәрігеріне хабарласып мобильді бригаданы шақыра алады. Шымкентте қазіргі таңда 211 мобильді топ жұмыс жасайды. Оған қосымша консультация беретін 45 бригада бар.
Олжас Айдарбек