Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев Кентау қаласына іс-сапармен келді. Қала активімен кездескен халық қалаулылары Парламент Сенатында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

– Жергілікті атқарушы және өкілетті органдар туралы заңдарға өзгерістер енгізіліп жатыр. Мәслихаттарға артылып отырған жұмыс өте көп. Міндеттер мен жауапкершіліктер жоғары. Осы заңдардың қабылдануына өңірлердегі аудандық, облыстық мәслихат депутаттары үлкен үлес қосты – деді Әли Әбдікәрімұлы.

Кездесу барысында Әлімжан Сейітжанұлы баяндама жасап, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында атқарылған жұмыстар бойынша кең көлемді мәлімет берді. Қаралған және қабылдаған заңдар туралы айтып өтті.

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев өңірден сайланған Парламент Сенаты депутаттарының облыстың дамуына қосып отырған үлесінің көптігін жеткізіп, көпшілік атынан алғыс айтты.

Ал, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева елдің жағдайын білуге келген халық қалаулыларына ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, қалада 6000 астам отбасы тұрғын үй кезегінде тұратындығын айтып, осы мәселені шешуге республика тарапынан қаржы бөлу керектігі жөнінде ұсынысын білдірді.

Қалалық мәслихаты депутаттары ауыз су, жайылымдық жер мәселелерін көтерді.
Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға қала әкімі Дәурен Махажанов жауап беріп, жоспарлармен таныстырды.

Жиынды қорытындылаған Әли Әбдікәрімұлы қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Қаратау тәжі атанған кеншілер қаласын дамыту бағытында атқарылатын жұмыстардың көптігін атап өтті.

Мұнан соң, сенаторлар индустриалды аймақта орналасқан «АБН альянс» полиэтилен құбырларын шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысты.

Бүгінде мұнда жиырмаға жуық тұрғын жұмыспен қамтылған. Ауыз су мен кәріз жүйесіне арналған құбырлар ел аумағына экспортталып жатыр.

– Кентау – облыс орталығы Түркістанның қасында орналасқан. Арасы өте жақын. Болашақта Түркістан мәдени-рухани тұрғыдан дамитын болса, қасындағы Кентау өндірістік бағытта қанат жаюы қажет. Яғни, екі қала біргелікті дамитын болады. Халқы да бір-біріне барып келіп жұмыс істеуге де мүмкіндік мол – деді Әли Әбдікәрімұлы.