«Мектепке жол»: Дін өкілдері оқушыларға қажетті жабдықтар тарту етті

194

«Садақаның ең үлкені білімге жұмсалғаны». Бүгін Шымкенттегі орталық Ақ мешітінде «Мектепке жол» атты қайырымдылық іс-шарасы өтті. Онда мұқтаж отбасындағы мектеп оқушыларына сөмке мен оқуға қажетті құралдар берілді. Бұл игі іс қалалық мешіт қызметкерлерінің ұйытқы болуымен басталып отыр. Енді дін өкілдері сауапты іске қайырымды жандарды да үлес қосуға шақырады.

«Садақаның ең үлкені білімге жұмсалғаны». Шымкенттегі барлық мешіт қызметкерлері және қалалық әкімдіктің бастауымен «Мектепке жол» қайырымдылық іс-шарасы өтті.

Орталық Ақ мешітте аз қамтылған, көпбалалы отбасындағы мектеп оқушыларына қажетті оқу құралдары таратылды. Діни қызметкерлер игі іс аясында мұқтаж 1000 оқушы керек-жарақпен қамтылатынын айтады. Сондай-ақ, қайырымды жандарды сауапты істен құр қалмауға шақырады.

Мұхамеджан Естеміров, Шымкент қаласының наиб имамы: «Кәсіпкер азаматтарды әлі де шақырамыз. Осы шараға үлес қоссын. Бір балаға шамамен 10 мың теңгенің жобасы кетеді екен. Сөмкесі бар, ішіндегі заттарымен қосқанда. Осындай шараға үлес қосса екен деген тілегіміз бар. Қаншама кәсіпкерлер, азаматтар бар. «Садақаның ең үлкені осы білімге жұмсалғаны». Сондықтан осы балалардың білім алуы, тәлім алуына үлес қосса екен деген үндеуіміз бар».

Көмек мешітке мұқтаж ретінде тіркелген отбасы балаларына үлестіріліп отыр. Дін қызметкерлері тізімдегі әр отбасыда мектепке баратын оқушылар саны, олардың қай сыныпта оқитыны ескерілгенін айтады. Былтыр онлайн форматтағы оқуға байланысты балаларға электрондық құралдар берілген екен. Биыл дәстүрлі форматта оқу белгіленген соң мектепке арқалайтын сөмке беріп, оның іші оқуға керек заттармен толтырылған.

Айгүл Абдул, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бес бала-шағам бар. Үшеуі оқиды, екеуі әлі кішкентай. Мына бүгінгі жасап жатқан іс-шараға үлкен алғысым шексіз. Алла разы болсын!».

Қайырымдылық шарасы осы айдың соңына дейін басқа да мешіттерде жалғасын табады. Карантин талаптарына байланысты тізімдегілердің жартысынан көбіне мектеп құралдары үйіне жеткізіледі. Бұл жұмысқа «Зекет және қайырымдылық» қоры мен қалалық «Жастар ісі» секторының еріктілері тартылған.

 Олжас Айдарбек