Мүгедек бала асырап отырған еден жуушы қайырымды жандардан көмек сұрайды

106

Мүгедек бала асырап отырған еден жуушы қайырымды жандардан көмек сұрайды. 8 жасар Жақсылық Бируни 2018 жылы сырқаттанған. Бүлдіршінге төменгі тыныс жолдарының жедел инфекциясы бар созылмалы обструктивті өкпе ауруы диагнозы қойылған.

Бүгінде науқас бала өздігінен тыныстай алмайды, өкпені жасанды желдету аппаратына таңылған. Қазіргі таңда баланың ауруы асқынып барады, әрбір күні қиындықпен өтуде дейді анасы.

Шымкенттік Жақсылық Бируни бес жасында өкпесіне суық тигізіп, екі жақты пневмония диагнозымен ауруханаға түскен болатын. Алайда, ауру салдарынан баланың жағдайы күрт нашарлап кеткен. Клиникалық өлімнен аман қалыпты. Содан бері үш жыл өтсе де, дертінің салдарынан науқас баланың жағдайы еш өзгеріссіз, бүгінде өздігінен тыныс ала алмайтын 8 жасар Жақсылық үйінде өкпені жасанды желдету аппаратқа таңылып жатыр. Бүлдіршіннің әрбір қас қағым сәті өмір үшін күреспен тең дейді анасы Бақыткүл Байназарова.

Бақыткүл Байназарова, анасы: «Жәрдемақысы өзіне жетпейді, аппарат алам, аппараттың қосалқы бөлшектерімен кетеді бәрі, дәрісі бар, емделу керек балама, жеткізе алмаймын. Мен бір өзім. Мектепте еден жуамын, қиналып кеттім».

Бүлдіршін ойнамақ түгілі, жүріп – тұрудан да қалғандықтан анасы түтікшемен тамақтандырып, күндіз-түні бақылауда. Баланың денсаулығына алаңдаған Бахыткүл бұл дерттің асқынуының салдарынан балам көз жанарынан да айырылды деп отыр.

Алайда оның еміне қажетті қаражатты қайдан табарын білмейді. Бүгінде еден жуып тапқан жалғыз табысы жалдамалы пәтер ақы мен тамақтан артылмайды. Бақыткүл үш баласымен жатақхананың аядай ғана бір бөлмесінде тұрады. Айтуынша, бес жыл бұрын үй кезегіне ілігіпті. Алайда кезегі әлі келмеген. Күн сайын баламның жағдайы нашарлап барады деген үш баланың анасы баспанам болса, науқас ұлымның қасында күндіз-түні отырар едім дейді.

Бақыткүл Байназарова, анасы: «Пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Бұның өзіне бөлек бір бөлме керек. Бәрі бөлек болуы керек, бәріміз бір жердеміз, аппараты да бізде. Тазалық керек, бірақ екі бөлмеге көшейік десек жағдайым көтермейді. Қанша болып жатыр пәтерақы. Айлығым 70 мың, несием бар, аппарат алғам несиеге».

Ал тұрғын үй басқармасындағылар Бақыткүл Байназарова өзге мемлекеттік бағдарламалар арқылы үй алуына мүмкіндігі бар дейді. Алайда ол үшін бастапқы жарнасы болуы қажет.

Абылайхан Балықбаев, Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Бүгінгі таңда тұрғын үй қатынастары заңы аясында арендалық тұрғын үй тек кезек ретінде беріледі делінген, яғни бұл кісінің алдындағы 4 113 адам өз кезегін күтуде. Сондықтан кезегі келмесе 2 бағыт бар несиелендіру. Оның ішінде жеңілдетілген несиелендіру бар. Бұл кісі екі бағдарламаға қатыса алады. Біріншісі – «Бақытты отбасы» 2 пайыздық несиені «Отбасы банк» арқылы алады, ал екіншісі «Шаңырақ» 5 пайыздық несие кезекте тұрған барлық азамат қатысады».

Бұл отбасы өлім мен өмір арасында арпалысқан кішкентай ғана періштенің емі мен баспана мәселесін шешіп, тіпті уақытша болса да пәтермен қамтамасыз ете алатын абзал жандардан қолдау сұрайды. Қаршадай бүлдіршінге жәрдемдесем деушілер болса, назарларыңызға науқас баланың анасының байланыс нөмері мен есеп – шотын ұсынамыз.

KASPI GOLD 5169 4971 6970 9981 ЖСН 730 623 402 795 BAKYTKUL BAINAZAROVA Байланыс нөмірі: 8 707 925 71 03