Дәрігерлер коронавирус кезінде үй жағдайында емделмеуге шақырады

223

Шымкенттік дәрігерлер тұрғындарды өз бетімен ем қабылдамай, ең алдымен, ауруханаға баруға шақырады. Олар үй жағдайында өзін-өзі емдеудің соңы қайғылы жағдайға алып келеді деп отыр. Ақ халаттылар қаладағы емдеу кабинеттерінде адамдар коронавирустық инфекция емінің протоколына қарсы инъекция жасайтын жағдайлар жиілеп кеткенін айтады.

Мұнда науқастар ауыр жағдайда келіп түседі. Дәрігерлер адамдардың ауру жайлы аз хабардар болуы және медицинаға деген сенімсіздігі өзін-өзі емдеуге әкеп соғып жатқанын айтады.

Махамбет Бейсеуов, Шымкент қалалық №1 емхананың бас дәрігері: «Бүгінде қаламызда амбулаторлық-емханалық ұйымдар желісі 41 МСАК МҰ-мен ұсынылған, оның ішінде 14 -і мемлекеттік ұйым, және 27-сі жекеменшік. Бірақ мемлекеттік, жекеменшік болғанына қарамастан тұрғындарға бастапқы көмек көрсетуде. Бүгінгі таңда 211 мобильді топ жасақталған. Әрбір 5 мың халыққа бір мобильді топ жұмыс атқаруда».

Әлеуметтік желіде коронавирус ауруын емдеуге мүлдем қатысы жоқ ақпараттар өріп жүр. Ал адамдар болса, өздеріне ем тағайындап, жағдайларын ушықтырып жатыр. Онымен қоса, емдеу кабинеттерінде дәріні маманның тағайындағаны туралы қағазды да сұрамайтын көрінеді. Шымкенттік дәрігерлер коронавирусқа қарсы өзін-өзі емдеудің қандай қауіп-қатері бар екенін және қандай жағдайда не істеу керек екенін ескертеді.

Жадыра Агишанова, дәрігер: «Кейбір кісілерде температурасы түспей 1-2 күн, содан кейін тағы да шағымдары қосылуы мүмкін. Сондықтан мобильный бригада барған күні сол кісінің жағдайын қарап, баға жасап, сосын барып КТ-ға бар ма, ол кісіні апаруға болады ма, болмайды ма? Ең бастысы КТ түсіру, себебі ол тек өкпесінде сырыл болса, өкпесіне шағым келсе, дәрігер келгеннен кейін мобильді топтың машинасымен КТ-ға барып, КТ түсіріледі».

Қалалық емханаларда мобильді бригадалар жұмыс істейді. Дәрігерлер тек мамандарға жүгінуге шақырады. COVID-бұл қауіпті ауру, сондықтан өзін-өзі емдеу, оның ішінде антибиотиктердің көп мөлшері өлімге әкеп соғуы мүмкін.

Айгүл Қылышбаева, дәрігер: «Мобильдік топтар ковид індетін емдеу, қалай емдеу керек екендігі бойынша клиникалық протоколдармен оқытылған, даярланған. Осындай мобильдік топтар таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін соңғы науқасқа дейін медициналық көмекті көрсетіп, барлық ПЦР анализдерді қабылдап, жинақтап, ары қарай 14 күнге бақылауға алып медициналық көмекті көрсетіп жатыр».

Дәрігерлер коронавирусқа қарсы негізгі қорғаныс вакцина екендігін айтады. Екпені тұрғылықты мекенжай, жұмыс немесе оқу орны бойынша сізге жақын вакцинация пунктінде жасауға болады.