Шымкент: Биыл 3 мектеп пайдалануға берілмек

155

Шымкентте ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай үш мектеп пайдалануға беріледі. Инвесторлар есебінен салынған қос білім ұясы оқушылар үшін жаңа оқу жылында есігін айқара ашады.

Тағы бір мектеп қараша айында пайдалануға беріледі. Жаңа білім ордаларында бәрі заманауи талапқа сай, оқушылардың білім алуы үшін барлық жағдай жасалған.

Сайрам елді мекенінде орналасқан бұл Ясауи атындағы жалпы білім беру мектебінің құрылысы 2019 жылы басталған. Әуелде бұл жер қараусыз қалған нысан болыпты. Инвестор есебінен салынған мектеп жаңа оқу жылында 2 ауысым бойынша 1000-ға жуық оқушыны қабылдауға дайын. Кез келген сыныбы әр пәнге лайықталып, жаңа дизайнда сәнделіп, техникамен жабдықталған.

Ал кадр мәселесі бойынша қиындық туындамайтынын айтады мектеп директоры.

Санжар Пайзиев,  Ясауи жалпы білім беру мектебінің директоры:  «Кадр мәселесі қазір бізде көп мектептерден оқытушылар сабақ өтемін деген резюмелер тастаған. Келесі аптадан бастап оларды конкурс негізінде жұмысқа қабылдаймыз».

Ал қаладағы Низамхан Сулайманов мектебінің сыртқы көрінісі елордадағы Ақ Орданы көз алдыңа елестетеді. Дәліздің кіре-берісінен едендерге әр түрлі танымдық, білімпаздардың көкжиегін кеңейтетін суреттер бейнеленген. Екі мыңға жуық оқушы білім алатын бұл білім ордасында жалпы 100-ден астам кабинет бар болса, оның алпысында интерактивті тақта қойылған.

Юлия Сергеева,  Низамхан Сулайманов орта мектебінің директоры:» Бізге балалар қаланың барлық аумағынан келеді. Қазіргі таңда оқушыларды жаңа оқу жылына қабылдауға дайындық жүріп жатыр. Кадр мәселесі бойынша мұғалімдер іріктелуде. Мектептің ауқымы кең, барлық жері жарық, жылумен қамтамасыз етілген. Оқушылардың білім алуы үшін барлық жағдай жасалған».

Балаларын осында бермек болып жүрген ата-аналар да таңданасын жасырмайды. Мектеп толықтай заманауи үлгіде салынғанын алға тартып, оның оқушылар үшін оң әсерін беретінін айтады.

Галина Гаджикулиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Баламды бұл мектепке беруімнің себебі ең алдымен бізге жақын орналасқан. Алдын Болашақ мектебіне қатынаушы едім. Бұл мектеп әдемі, зәулім етіп салынған. Әр сыныпта компьютер, интерактивті тақта бар. Бұл біздің балаларымыз үшін оң әсерін береді деп сенемін. Мектептің ішін толықтай аралап шықтым. Маған бәрі ұнады».

Ел игілігі үшін инвесторлар есебінен салынған бұл 2 мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал Құрсай шағын ауданындағы 500 орындық білім ордасында құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарлануда.

Айта кетейік, бұл мектептердің барлығы жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін болады. Яғни, балалардың білім алуы үшін мемлекет есебінен қаржы бөлініп отырады.

Әлихан Файзханов