Шымкентте кәсіпкердің өлімі бойынша қылмыстық іске сот нүкте қойды

245

Шымкентте кәсіпкер Аваз Жаналиевтің өлімі бойынша қылмыстық іске сот нүкте қойды. Оны аяусыз өлтірді деп кінә тағылған ер кісі 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ сотталушы бұл үкіммен келіспейді. Сотта ол өзінің соңғы сөзін айтты.

Танысының қолынан аяусыз өлтірілген кәсіпкер Аваз Жаналиевтің өліміне қатысты Шымкентте сот үкімі шықты. Күдікке ілінген ер азамат 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мерзімінің көп бөлігін төтенше қауіпсіз түзеу мекемесінде өтейтін болады. Сот үкімін айтатын кезде сотталушы көз жасына ерік берді. Ол сот шешімімен келіспейтінін жеткізді.

Сотталушы: «Менде Аваз Жаналиевті қасақана өлтіру ойым болған жоқ қой» деді.

Сот айыпталушының іс-әрекетінде қауіптілік бар екенін мойындады. Өйткені ол бұған дейін қарақшылық үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Естеріңізге сала кетейік, 30 жастағы ер адам осы жылдың наурыз айында өз үйінде кәсіпкерді өлтірген болатын. Сотталушы марқұмға бизнес үшін жалған құжаттар жасап, жер сатпақ болған.

Кәсіпкер былықтың бетін ашқан кезде, араларында жанжал туындаған. Қолына түскен балтамен сотталушы Жаналиевке бірнеше соққы жасаған. Кейін жәбірленушінің көлігін алып, қанға малынған денені ешкім жоқ жерге апарған. Сотта анықталғандай, кәсіпкердің сол сәтте жаны үзіле қоймағаны белгілі болды.

Самиддин Темірәлиев, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: «Тағы да құтылу үшін қайтып барған кезде тірі болғанын көріп, жағып жібергенін бәрі өзі айтып отыр. Тергеу экспериментін өткізіп жатыр. Тергеу экспериметінде адвокаттың қатысуында тағы да басқа қатысушылардың көзінше өзі барлық іс-әрекеттерін көрсетіп және жәбірленушінің тірі болғанын көрсетіп жатыр».

Сондай-ақ, сотталушы бизнесменнің ақшасын иемденіп алған. Марқұмның көлігінен 500 мыңнан астам теңгені жымқырып кеткен. Ал қылмыс кезінде сотталушының анасы үйде болғанын айтады.

Сотталушының анасы: «Міне төбемде Құдай тұр, қатысым жоқ. Үйде мазам жоқ боп, қан қысымым көтеріліп жатқан едім».

Марқұм кәсіпкердің көлік жуу орындары бар болатын. Және арнайы техникасын жалға беріп келіпті. Артында әйелі мен 3 перзенті қалды.