Шымкентте қай пәндер бойынша педагог тапшы?

245

Шымкентте әлі де кейбір оқу пәндеріне білікті ұстаз жетіспейді. Білім ұяларында зейнет жасындағы 250-ден астам мұғалім әлі жұмыс істеп келеді дейді қалалық білім басқармасының басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда орыс сыныптарына дәріс беретін педагогтар тапшы. Атап айтар болсақ, физика, математика сынды пәндерді орыс тілінде жүргізетін ұстаз аз. Бірақ Жанат Тәжиева бұл олқылықтың орнын толықтырып жатырмыз дейді.

Биыл 4-курсқа өткен Диана Әлиева өзі білім алып отырған мамандыққа сұраныс жоғары екенін естіп, қуанғанын жасырмады. 20 жастағы бойжеткен болашақта оқушыларға физика-математика пәнін орыс тілінде оқытатын болады. Өзі де орыс сыныбында білім алған ол мектеп қабырғасында жүрген кезінде де мұғалімдердің аз екенін байқаған. Сондықтан таңдауым осы болды дейді болашақ ұстаз.

Диана Әлиева, 4-курс студенті: «Орыс тілінен үйрететін мұғалімдер өте аз. Сол үшін менде қызығушылық пайда болды. Сол себептен сол саланы таңдадым. Біз қазір қосарланған мамандықта оқимыз. Физика және математика. Физикадан бөлек сабақ беремін. Бірақ мұнымен ғана тоқталмай, ағылшын тілін де үйренуге тырысып жатырмын».

«Үшінші мегаполис мектептерінде кадр жетіспегендіктен зейнет жасындағы 250-ден астам ұстаз әлі күнге дейін бала оқытып келеді»,- дейді қалалық білім басқармасының басшысы. Сөзінше, қазіргі таңда орыс сыныптарына дәріс беретін педагог тапшы. Атап айтар болсақ, физика-математика сынды пәндерді орыс тілінде жүргізетін ұстаз аз. Бірақ Шымкенттің бас мұғалімі бұл олқылықтың орнын толықтырып жатырмыз дейді.

Жанат Тәжиева Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Дәл осы бағыттағы жұмысты шешу мақсатында өзіміздің өлкеміздегі жоғары оқу орындарымен келісім шартқа тұрып, арнайы грант арқылы мамандықтарды дайындау, оларды ауыстыру бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Бітірген түлектерді арнайы емтихан қабылдау арқылы бұл орынды толықтырамыз деп жоспарлап отырмыз».

Айта кетейік, бұған дейін білім басқармасының қала әкіміне баяндаған жартыжылдық қорытынды есебінде осы мәселе талқыланған болатын. Әрі қыркүйекке дейін мектептердегі кадр жетіспеушілігі оң шешілуі тиіс деп тапсырма берілді. Ал, шаһардың бас педагогы ұстаздардың мәртебесі жыл сайын жоғарылап келе жатқанын айта отыра, бұл мәселе жақын арада шешімін табады деп сендірді.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Биылғы жылы педагогтардың айлық жалақылары 25 пайызға тағы да өсіп отыр. Педагог мәртебесін алғалы бері ұстаздарға деген үлкен мүмкіндіктер туындауда. Олар айлық жалақысының 25 пайызды күтпей-ақ, өздерінің санаттарын арнайы тестілеуден өту арқылы аттестаттауға тиісті құжаттарын тапсырған жағдайда өз айлықтарын 100 пайызға, яғни екі есеге дейін көтеріп алу мүмкіндігіне ие болып отыр».

Айта кетейік, бүгінде шымкенттік 28 000 педагог білім ұяларында  дәріс беруде. Оның 31,2 пайызы ер мұғалімдер.

                                                           Мөлдір Ибадуллавеа