Шымкенттегі ММА академиясының шәкірті чемпион атанды

142

Шымкенттік спортшы NFC сериясының турнирінде жеңімпаз атанды. Әсет Анарбаев жекпе-жекте ресейлік спортшы Вадим Малыгинді жеңді. Чемпионның алдағы жоспарлары туралы біліп, жаттығу барысын көріп қайттық.

Бұл жекпе-жектің нәтижесін сенсация деп атауға болады. Чемпиондық белбеу үшін тартыста шымкенттік спортшы Әсет Анарбаев Ресейдің ең мықты боксшысы Вадим Малыгинді жеңді. Аралас жекпе-жектен NFC сериясының турнирі Алматыда өтті.

Жеңістің оңай келмегенін айтқан боксшы алға қойған жоспарларым көп дейді. Ал ол үшін бас бапкер айтқан ауыр жаттығуларды орындау қажет. Бүгінде 21 жастағы Әсет үшінші мегаполистің «Жалал Файт» спорт клубында жаттығады.

Әсет Анарбаев, Жекпе-жектен NFC сериясының турнир жеңімпазы: «12 жұп болды, барлық жауынгерлер өте шебер жұмыс істеді, менің қарсыласым танымал және кәсіби күрескер. Мен жеңдім. Бірақ, мұнымен тоқтамаймын».

Спортқа енді келіп жатқан азаматтар үшін Әсет үлкен мақтаныш әрі жас спортшыларға үлгі деуге болады. Турнир чемпионының басты арманы – әлемдік аренада Қазақстанның көк байрағын желбірету.

Бекзат Жалал, жаттықтырушы: «Біз бірінші орын алдық. Біз жеңдік. Қазір біздің мақсатымыз – спортшылармен бірге Дағыстанға бару. Өздеріңізде білесіздер, ең мықты боксшылар Дағыстанда. Бұл қыркүйек айында. Одан кейін тағы бір жекпе-жек бар. Бірақ әзірге қай уақытта болатыны белгісіз. Желтоқсан, не қаңтар айында болуы мүмкін. Белгілісі, ол жарысқа да Әсет Анарбаев қатысады».

Жақын арада Дағыстанда жекпе-жектен халықаралық турнир өтеді деп жоспарланып отыр екен. Ал, шымкенттік спортшылар сапар үшін демеушілер іздеп жатыр.

Мөлдір Ибадуллаева