Шымкенттіктердің салық бойынша берешегі 1,5 млрд. теңгеден асады

160

Шымқала тұрғындарының салық бойынша қарызы 1,5 млрд. теңгеден асқан.Қалалық мемлекеттік кірістер департаменті берген мәліметіне сүйенсек, өтелмеген ақшаның басым бөлігі көлік салығына тиесілі екен.

Қала тұрғындарының көлік салығы үшін 1 млрд. 205 млн. теңге берешегі бар екен. Қарызды өндіру үшін сала мамандары сот орындаушылардың қызметіне жүгінуге мәжбүр. Міндетті төлемдерді өтеуге келген хабарламаға пысқырмаған салық төлеушілердің есепшоты бұғатталып, кейбірі шетелдерге шығу мүмкіндігінен айырылуда.

Шымкент тұрғыны Қаламқас Шманова 17 шағынаудандағы пәтері үшін мүлік салығын төлеуге келіпті. Зейнеткер жерлестерін міндетті төлемдерді мерізімінде төлеуге шақырады: «Төмендегі кассаға барып салықты төлеймін. Кезек те жоқ, мамандар тез қызмет көрсетті. Уақыт тауып, міндетті төлемдерді төлеңіздер».

Мамандар қалалықтар зейнеткерлерден өзгелер үлгі алса екен дейді. Еңбекші ауданындағы 60 мыңға жуық салық төлеушінің 25 633 -інің 457 млн. теңгеден астам берешегі бар екен. Оның 416 млн-нан астамы көлік салығы , 5 жарым млн-ы жер салығы және 35 млн-нан астам қаржысы мүлік салығына тиесілі.
Мейрамбек Бексұлтанов, Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы: «Атап айтсақ мүлік салығынан жалтарып жүрген байқуатты азаматтар бар. Олардың бірінің қарызы 389 мың теңгені құрайды».

Ал Шымкент қаласы бойынша мүлік салығы бойынша 36 мыңға жуық тұрғынның 208 млн. берешегі бар, ал 20 мың азамат жер салығы үшін 87 млн. теңге қарызын өтеуге асығар емес.
Мейіржан Әзімбердиев, Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы: «Міндетті төлемдер мүлік, жер, көлік салығы бойынша 80 мыңнан астам азаматтың 1,5 млрд, қарызы бар. Төлем жасалмаса, бұйрық жібереміз счетын жабуға, шетелге шығармайды. Егер де шешім шыққан бойда төлеген азаматтар сот орындаушыларының 25 пайыз қызметіне төлемейді».

Сала мамандары осындай ыңғайсыз жағдайларға тап болмас үшін міндетті төлемдерді мерзімінде төлеуге шақырады. Ол мерзім 1 қазанда аяқталады.

Шынар Оразова