Түркістан облысы бойынша құқықбұзушылық деңгейі 10 мың тұрғынға шаққанда 31 қылмысты құрады. Бұл еліміздегі ең үздік көрсеткіш. Яғни, 2 миллионнан астам халқы бар Түркістан облысы еліміз бойынша ең қылмысы аз облыс болып саналады.
Өңірдегі криминогендік жағдай мен қоғамдық қауіпсіздік туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке облыстық Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков баяндады.
Мемлекет басшысының барлық мектептердегі бейнекамераларды ПД-нің жедел басқару орталығына қосу жөнінде тапсырмасына сәйкес Полиция департаменті мен облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы бірлесіп, жедел басқару орталықтарына аумақтық бейнебақылау жүйелерімен интеграциялау бойынша жұмыстар атқарылуда.
Облыс аумағындағы жалпы 919 орта білім беру мекемелері орналасқан. Олардың ішінде жалпы 780 мектептегі бейнебақылау камералары оптикалық талшық арқылы қосылған. Облыс әкімі білім ұяларындағы бейнебақылау жүйелерін жаңа оқу жылына дейін Жедел басқару орталықтарына қосуды ширатуды тапсырды.
Апталық аппарат отырысында мәлім болғандай, бүгінгі таңда Түркістан облысындағы қоғамдық-саяси, криминогендік жағдай тұрақты. Қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алуда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, атқарылуда.
2021 жылдың 7 айында жасалған жұмыс нәтижесінде қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 3,6%-ға (3743-тен 3609-ға дейін), қылмыстар 1,4%-ға төмендеген. Оның ішінде қарақшылық қылмыстары 57%-ға, тонау 25%-ға, бұзақылық 23%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 26,6%-ға және пәтер ұрлығы 17,4%-ға азайған.
Жол қауіпсіздігін қаматамасыз ету бағытында жол-көлік оқиғаларының саны 29%-ға және қаза болғандар саны 2,5%-ға, жарақат алғандар саны 36%-ға төмендеді. Жыл басынан Түркістан облысы ПД жедел қызметкерлерімен облыс аумағында мал ұрлығын «кәсіп еткен» 14 қылмыстық топ құрықталып, олардың құрамында болған жалпы 36 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың 58 дерек мал ұрлығы қылмыстарына қатыстылығы анықталды.
Жыл басынан ері құжатсыз мал тасымалдау дәйектері бойынша 737 жәйт анықталып, 21 млн. тенгеден астам айыппұл салынған. Өңірде жыл басынан бері жалпы 420 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық деректері анықталған. Олар бойынша 5 млрд. теңгеге жуық айыппұл салынған.
Әлихан Файзханов