Жалған вакцина паспортын 5-30 мың теңгеге сатып келгендер анықталды

132

Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Шымкентпен қатар еліміздің тағы 4 өңірінде жалған вакцина паспортын сатқандарды анықтады. Құзырлылардың мәліметінше, күдіктілер жалған құжатты 5 мың мен 30 мың теңге аралығында сатып келген.

Ұсталғандар саны — 12 адам. Оның 8-і медицина қызметкерлері. Ал жалған вакцина паспортын алғандар саны әзірге — 37. Бүгінде аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабымен 7 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жұмысы жүріп жатыр.

Гауһар Сапарбаева, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі: «Қаржылық мониторингтік агенттігінің аумақтық бөлімшелері жедел іздестіру барысында Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Тараз және Павлодар қалаларында короновирустық инфекцияға қарсы вакциналаудың жалған паспорттарын заңсыз сатқан медицина қызметкерлерімен басқа да жеке тұлғалары анықталды».

Қаржылық мониторинг агенттігіндегілер, жалған вакцинация паспорттарын пайдаланғандар 160 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 467 мың теңге мөлшерінде айыппұл арқалайтынын немесе 40 тәулікке дейін қамауға алынатынын еске салады. Ал жалған құжатты қолдан жасағандарға 5,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынады немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

                                                                                                Мөлдір Ибадуллаева