Úı ANONS «Балабақша ақысы көтеріледі» деген ақпарат — жалған

«Балабақша ақысы көтеріледі» деген ақпарат — жалған

«Жекеменшік балабақшаларға мемлекет ақша бөлмейді екен, сондықтан ай сайын төленетін ақы қымбаттайтын болды!». Халық арасында тараған осы ақпараттан құлағдар болған бірнеше ата-ана қала әкімдігінің ғимаратына барды. 

Мақсат — мәселенің мән-жайына көз жеткізу. Бұған қатысты қала әкімінің орынбасары әрі ресми өкілі Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдерін шұғыл жинап, түсініктеме берді. Ол жекеменшік балабақшалар қаржыландырылмайды, олармен келісімшарт жасалмайды деген ақпараттың жалған екенін айтты.

Бүгін Шымкент қаласының әкімдігіне перзентін жекеменшік балабақшаларға берген ата-аналар  барды. Олардың бірі Жұлдыз Әбдірайымованың үш баласы бар. Екеуі – «Алтын ұя» балабақшасына барады. Айтуынша, мемлекеттен жекеменшік балабақшаларға ақша бөлінбейді. Сондықтан ай сайын төленетін ақы 15 мың теңгеден 80 мың теңгеге көтеріледі деген хабарды естіген. «Мұны қалтамыз көтермейді» дейді ол қапаланып.

ЖҰЛДЫЗ ӘБДІРАЙЫМОВА, АТА-АНА: «Біз үйде отырған анамыз. Арамызда мүгедек балалары бар көпбалалы аналар бар. Жұмыссыз, квартирада отырған аналар бар. Біздің көкейімізді тесіп отырғаны балабақшаға төлейміз бе, квартираға 180 мың балабақшаға төлейміз бе? Одан асса не жеп-ішеміз біз?».

Десе де қала әкімінің орынбасары әрі ресми өкілі Сәрсен Құранбек бұл ақпаратты жоққа шығарды. БАҚ өкілдерін шұғыл жинап, түсініктеме берген ол  наурыз айынан бастап жекеменшік балабақшалар қаржыландырылмайды, олармен келісімшарт жасалмайды деген ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.

Ресми өкілдің сөзінше, Қазақстанда мектепке дейін білімге қатысты пилоттық жоба  қолға алынған. Жоба бойынша, ақша бала қайда барса, сонда бөлінеді. Жоба 2025 жылдың желтоқсанына дейін жүзеге асқан. Оны оқу ағарту министрлігі биылғы жылдың ақпан айына дейін созған.

Ресми өкіл алып-қашпа әңгіме, жалған ақпаратқа жұртты сенбеуге шақырды. Ата-ана және бала үшін ешнәрсе өзгермейтінін, тек пилоттық жобаны жетілдіріп жатқанын жеткізді. Айта кетейік, қалада 645 балабақша бар. Оған 76 мың бала барады.

Дилара Иса