Абай ауданы: Жыл басынан бері 70 млн. теңге айыппұл өндірілген

48

Қауіпті індеттің кезінде халықтың басым көпшілігі санитарлық талаптарды ескермей отыр. Сөзімізге дәлел, Абай ауданындағы арнайы құрылған мобильді топ кәсіпкерлік нысандарынан жыл басынан бері 70 млн. теңге көлемінде айыппұл өндірген.

Мониторингтік тексеріс нәтижесінде бұл жолы да карантин талаптары сақтамай, санитарлық талаптарды бұзған бірнеше құқық бұзушылық фактілері анықталды.

Қаладағы ірі сауда орындарының бірінде отырған бұл азаматтың карантин талаптарын сақтамай, маскасыз сауда жасап отырғаны арнайы топтың тексерісі барысында анықталды. Абай ауданы бойынша арнайы құрылған мобильді топты байқап қалып, бірден бетпердесін тағуға асыққан бұл азаматтың, екпе құжаты да жоқ болып шықты.

Санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау мақсатында Абай ауданы бойынша арнайы құрылған мобильді топ 5 түрлі бағыт бойынша жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, қала тұрғындарының бетперде режимін сақтауын және халық көп шоғырланатын кәсіпкерлік нысандардың «Ашық» бағдарламасын қолдануын қадағалау, белгіленген межеден асыра адам жинап іс-шара өткізілуіне тыйым салу, сонымен қатар жұмыс уақытының шектелуі мен қоғамдық орындарда жүрген халықтың екпе құжаттарының болуын қадағалау. Тексеру нәтижесінде карантин талаптарын толық сақтап, тек екпе алған қызметкерлерді ғана жұмысқа шығаратын мекемелер де бар екен.

Абай ауданы әкімі орынбасарының айтуынша, арнайы мониторингтік топ жыл басынан бері 3 600 кәсіпкерлік нысанға тексеру жүргізген. Оның ішінде 615 кәсіпкерлік нысанда заң бұзушылық анықталып, хаттама толтырылған. Олар тойхана, сұлулық салондары, сауда орындары және қоғамдық тамақтану орындары.

Екі сағатқа созылған мониторингтік тексеру жұмыстарының нәтижесінде телефонға қажетті құрал-жабдықтар сататын сауда орынның жұмысы уақытша тоқтатылып, қоғамдық тамақтану орындарында бетпердесіз жүрген қызметкерлерге хаттама толтырылды. Айта кетейік, аталған жұмыстар алдағы уақытта да жүргізілетін болады.

Айнұр Бекасанова