«Балаларымыз қоқыстың арасында ойнайды»

108

 

«Балаларымыз қоқыстың арасында ойнайды». Осылай деген Абай ауданының тұрғындары арнамызға шағымданды. Бүгінде 100-ге жуық жер үй орналасқан мөлтекаудан тұрғындары балалар алаңшасын салып берсін деп талап қойып отыр. Ал әкімшілік қызметкерлері болса бұл аумақта бірде бір бос жер жоқ деп ақталды.

«Балаларымыз қоқыстың арасында ойнайды». Осылай деген тұрғындар спорт алаңшасын салып беруді талап етеді. 5 немересі бар Гүлнара Байдуллаева да бала-шағаны жетектеп көрші аулаға алып барамын дейді. Сөзінше, 500 шақырымдай жерді артқа тастап жетсе де, алаңсыз көңіл көтеруге мүмкіндік жоқ. Себебі, үй қожайындары өзге баланың алаңға келуін қаламайтын көрінеді.

Гүлнара Байдуллаева, тұрғын: «Немерелерімді Мангельдин көшесіндегі көпқабатты үйдің балалар алаңшасына алып барып ойнатамын. Амал жоқ. Шілде де күннің ыстығына қарамай алып барып ойнаттым. Ортада Қошқар ата өзені бар. Ол да қорқынышты. Сондықтан акиматтан осы жерге балалар алаңшасын салып берсе деп өтініш жасаймыз».

Абай ауданына қарасты Роща аумағында 100- ге жуық жер үй бар. Жергілікті тұрғындар балаларына алаңсыз балалық шақ сыйлау мақсатында әкімшілікке бос жатқан жерді де ұсынып көріпті. Алайда, 3 жылдан бері әкімшіліктің есігін тоздырған халық атқамінерлерден қайыр болмай тұр деп налиды.

Мырзабек Сарыбаев, тұрғын: «Сол жағымызда бірінші қалалық аурухана, одан әрі Ардагерлер үйі. Оң жағымызда балабақша. Міне, біз тұрған жер бірнеше жылдан бері күл-қоқысқа айналып кеткен. Алайда балалар ойнайтын алаң жоқ. Ал басқа мөлтекаудандарда балалар ойнайтын жағдай жасап қойған. Біздің балаларымыз неге ондайға жетпейді?».

Жергілікті халық ұсынып отырған бос жерді Абай ауданы әкімшілігінің өкілдері зерделеп көріпті. Нәтижесінде жер жекеменшік екені анықталған. Дегенмен жұрттың жағдайына алаңдаған жауаптылар оны мемлекет мұқтаждығына алу үшін тырысып көріпті.

Мадина Есенбаева, Абай ауданы инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы:
«Мемлекет мұқтаждығына алу үшін ол кісілердің келісімі керек. Сонымен бірге осы жердің басына келдік. Сөйтіп ол кісілер қарсылығын білдірді. Олардың нысаналы мақсатпенен пайдаланатын өздерінің жоспарлары бар екен. Сондықтан бұл жерге қазір спорт алаңшасын салатын мүмкіндік болмай тұр».

Жер жекенікі болса таза ұстасын дейді тұрғындар. Ал сала жауаптылары алдағы уақыттта ескерту жасайтындықтарын жеткізді. Сондай-ақ, бос жер болса спорт алаңшасын салуға сақадай саймыз деп құтылмақ болды. Ал тұрғындар бос жатқан жердің бар екенін айтып, тым болмаса балалар алаңшасын салып беруін сұрады. Инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы алдағы уақытта инженер шақыртып жерді рәсімдейміз де, бюджеттен қаржы қарастыру үшін өтінім береміз деп сендірді.

Мадина Есенбаева, Абай ауданы инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы:
«Мен іздеп жүрмін. Келесі жылы қай жерге не соқсам екен деп. Жылдың соңында ақша сұраймыз. Жоспар бар. Осы бір айдың ішінде жерді рәсімдеп қойсам, бізге қаржы қарастыру үшін бюджетке өтінім беремін. Спорт алаңшасы сыймаса балалар алаңшасын салып береміз. Қыстағы бюджеттің нақтылауға өтінім береміз да. Сол жерде бізге егер қаржы қарастырса ары қарай соғып жібереміз. Тағы да бір 4 айда дайын болады».

Мамандардың уәдесіне сенетін болсақ, халық ұсынған бос жер мақұлданып, бюджеттен қаржы қаралса көктемге қарай мұндағы балалар заманауи алаңшада алаңсыз ойнайтын болады.

                                                                                                  Мөлдір Ибадуллаева