Кентауда «Дара жол» атты жаңа мектеп-лицей интернаты ашылды

730

Кентау қаласында «Дара жол» деп аталатын жаңа мектеп-лицей интернаты ашылды. Аталмыш салтанатты жиынға қала әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртай мен қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев қатысып, бүлдіршіндерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады

Мектеп ғимараты бұрын «Ащысай түсті металл» комбинатының кеңсесі болған. Ал, кейінгі тоқырау жылдары 3 қабатты нысан қараусыз қалған болатын. Биылғы жылы жеке кәсіпкер Сембек Әбдірахмановтың қолға алуымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа білім ошағының есігі айқара ашылды.

Айта кетсек, «Дара жол» лицей интернатының сиымдылығы 450-бала, 1-8 дейін қазақ сыныптары, ал, 1-8 дейін орыс сыныптары бар. Әр сыныпта 25 баладан оқиды. Жалпы саны 18 сыныпты құрайды. Шарада мектеп құрылтайшысы бірінші сынып оқушыларына білім кілтін табыстады.

«Мектепті «Дара жол» деп атап отырмыз. Себебі мұнда білім алған әрбір баланың жолы дара болуы керек. Білім беру орталығы толығымен қажетті құралдармен жабдықталды. Компьютерлік сыныптары және пән кабинеттеріде толығымен бар. Ал, балалар ас ішетін асхана мен жатақханада жұмыс істейді. Сапалы білім мен саналы тәрбие беруге барлық мүмкіндігіміз бар», – деді кәсіпкер Сембек Әбдірахманов.