Мораторийді тоқтату, банкротқа жол ашумен тең

95

Қаржы министрінің шағын бизнесті тексеруге салынған тиымды алып тастау жайындағы ұсынысы қоғамда қызу талқыға түсуде. Мораторийге қатысты әр тарап өз уәжін айтып, үкімет шешім қабылдағанда пандемияға байланысты бүгінде қалыптасқан жағдайды ескеруі тиіс дегенді айтады. Естеріңізге сала кетейік, қаржы министрлігі тек салықтық тексеруді қайта бастауды сұрайды. Ал салықтық төлемдерден босату бойынша жеңілдік 2023 жылға дейін сақталады.

Осыдан бірер күн алдын ғана қаржы министрі, бизнесті тексеруге енгізілген мораторийді тоқтату туралы ұсыныс тастаған болатын. Маңызды мәлімдеме, кәсіп иелерін бей-жай қалдырған жоқ. Пандемияның кезінде онсыз да қолдау сұрап тұрған кәсіпке, тексерістердің басталуы қосымша соққы болады. Сондықтан елдегі қиын жағдайларды ескеріп, Президенттің өзі жариялаған мораторийдің тоқтауына қарсымыз дейді, — кәсіп иелері.

Микро және шағын бизнеске енгізілген мораторийді алып тастау туралы ұсынысқа қатысты пікірін Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы білдірді.

«Шымкент қаласында 70 мың шағын және орта бизнес субъектісі бар.Егерде мораторийді алып тастаса, пандемиядан зардап шеккен бизнеске кері әсері болады. Дәл қазір олар қолдауды қажет етеді,-дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Сабира Адамбаева.

Карантиндік шектеулер жағдайында шағын бизнес субъектілерін тексеруге енгізілген мораторийдің күшін жою кәсіпорындарды банкротқа әкеледі. Қазақстандық 7 қауымдастықтың басшысы бірігіп осындай мәлімдеме жасады. Олардың қатарында қоғамдық тамақтану, туризм, сұлулық салондары индустриясы және қонақ үй бизнесі қауымдастықтарының басшылары да бар.

Игорь Копайлов, мейрамхана-қонақ үйі бизнесі, кәсіпорындары ұлттық ассоциациясының президенті: «Қазіргі таңда короновирус, пандемия және шектеулерге байланысты Қазақстанда күрделі жағдай. Осы жағдайларды ескере отырып, шағын және орта бизнеске мораторийді созу қажет деп есептеймін. Қолдау болмаса, бизнес тығырықтан шыға алмайды».

Шағын бизнесті тексеруге мораторийді жою бәріне бірдей қосымша әкімшілік жүктеме түсіреді деген оймен келіспейтін кәсіпкерлер де бар.
Хадиша Әлжанова, ОҚО фармацевтикалық және медициналық ұйымдар қауымдастығының президенті: «2020 жылы пандемия басталғанда президент тексерулерге мораторий жариялады. Алайда бірқатар кәсіпкерлер оны дұрыс түсінбеді. Есікті жауып қойып білгенімді істеймін деп. Тексеру, әсіресе, денсаулық сақтау, қоғамдық тамақтану орындарына керек. Санамыз, мәдениетіміз әлі де төмен.Оянуымыз керек. Біз тексеріс үшін жұмыс істемейміз ғой».

Әрине,  шешімді Үкімет қабылдайды. Оны кәсіпкерлер де жақсы түсінеді. Дегенмен, бизнес өкілдері маңызды шешім қабылданар тұста елдегі індетке байланысты қалыптасқан жағдайлар толық ескерілсе,- дейді.

Шынар Оразова