Шымкентте жұмыссыз жастарға арналған «Мүмкіндіктер алаңы» атты бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Аталмыш іс-шарада екі қолға бір күрек таппай жүргендерге 9 мыңнан аса тұрақты бос жұмыс орындары ұсынылды. Айта кетейік, бұл жәрмеңкеге жас мамандарға жұмыс беруші 50-ге жуық мекеме қатысты.
Жұмыссыздықпен күресу және оның алдын алу мақсатында қаламызда бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Шарада 50-ге тарта мекеме қатысып, жастарға 9 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Олар медициналық, техникалық, педагогикалық, жеңіл өнеркәсіп және қызмет көрсету салалары бойынша тұрақты және уақытша бос жұмыс орындары. Шараның ашылуына қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова қатысты.
Бүгінде 8,5 мыңнан астам адам жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұр. Оның 5 мыңы жұмыспен қамту шараларына қатысуда. Жұмыс іздеп келушілер арасында электрик, күзетші, еден жуушы, аула сыпырушы сынды жұмыстар да сұранысқа ие болды.
Сондай-ақ, ауысымдық әдіспен жұмыс іздеп жүргендер бар. Жұмыс іздеушілердің қатарында бүгінде бала күтімінде отырған екі баланың анасы — Гульноза Сабурова да болды. Ол өзінің бос уақытында қосымша табыс табу мақсатында қаладағы сауда орындарының бірінен уақытша жұмыс тапсам деп отыр.
Сонымен қатар, жәрмеңкеде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыс күші тапшы өңірлерді қамтамасыз ету мақсатында азаматтарды Солтүстік өңірлерінен жұмыс орындары ұсынылды. Бағдарламаға қатысушылар Павлодар облысына жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Сол облыстағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінің басшысы Меруерт Есембаева арнайы сұхбат беріп, бағдарламаға кімдер қатыса алатынына тоқталды.
Айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 2 600 отбасыға квота бөлінген. Бүгінде Павлодар облысына 2 200 отбасы қоныс аударып, жұмыспен қамтылған. Ал қалған 400 отбасыны алдағы уақытта көшіру жоспарланып отыр.
Айта кетсек, жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 18 мыңнан астам шымкенттіктер жұмыспен қамту шараларына қатысты. Оның ішінде 2384 азамат тұрақты жұмыспен қамтылғандар болса, қалған 102 азамат алғашқы жұмыс орны жобасымен қызметке жолданғандар.