Түркістан қаласында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы аналар мен жалғыз басты аналарға үлестірілген көпқабатты үйлердің сапасы сыр бере бастаған. Баспаналар 2017 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен берілген. Мұндағы тұрғындар үйдегі жарылған қабырғалар мен кәріз құбырынан шығатын жағымсыз иістен мезі болғанын айтады. Ал жауаптылар осы олқылықтың орнын толтырамыз деп халықты алдаумен келеді екен.
Бұл көпбалалы ана — Жансұлу Ерназарова. Ол 2017 жылы мемлететтік бағдарлама арқылы баспаналы болғанда, қуаныштарында шек болмағанын айтады. Алайда, қоныстарын тойлап үлгермей жатып, салы суға кеткен. Өйткені, үйді соққан мердігер компания құрылысын дұрыс жүргізбеген. Салдарынан баспананың төбесіндегі галтельдері ажырап тұр. Сондай-ақ, қабырғалары да жарылып кеткен. Жауаптыларға кемшілікті айтқанмен, олардан қайран болмапты.
Жансұлу Ерназарова, Түркістан қаласының тұрғыны: «Мынау осы жарылып түсейін деп жатыр. Мынандай қылып жамап қоямыз. пока былай түсіп кеткенше. Ол келген кезде тсызат берген. Ар жағы солай, осы жері де ғой».
Көпбалалы ана тұрғын үйдегі мәселе мұнымен шектелмейді дейді. Сөзінше, есік ауласындағы кәрізден шығатын иіс қолқаны алады.
Жансұлу Ерназарова, Түркістан қаласының тұрғыны: «Канализация сол жылда 3-4 рет толады. Мынандай көл болады. 1 этажда тұрғаннан кейін сасық иіс кіреді. Кәдімгі иісі жаман, нан шығады, қабық шығады. Мен өзім қайта-қайта звондаймын 109-ға. Асты тартылды дейді, міне барады. Олар әншейін бітейді де, кетеді, қайтадан толады».
Ал бұл сол көпқабатты үйде қоныстанатын тұрғын. Ол тұрып жатқан баспанамыз бір күні опырылып түспесіне кім кепіл деп ашынады.
Виталий Рахимов, Түркістан қаласының тұрғыны: «1 ай бұрын үйдің төбесіне жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Араға 1 апта салмай осындай жарықтар қайта пайда болды. Бұл күн сайын ұлғайып бара жатыр. Өткенде шәй ішіп отырған кезде, төбеден қабырғаның бөлшектері түсіп жатты. Балаларымыз үшін қатты алаңдаймыз».
Ал қалалық құрылыс бөліміндегілер бұл мәселеге мердігер мекеме жауапты екенін алға тартты. Тұрғын үйлердің ақауын түзетуге 5 жыл кепілдік мерзімі бар болғандықтан, тұрғындар жөндеу жұмыстарын талап етуге толықтай хақысы бар. Бірақ, құрылыс бөлімінің мамандары аталмыш жағдайдың себебін түсіндіріп бере алмады.
Алмас Байжанов, Түркістан қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары: «Енді ол дұрыс істемеген шығар, дұрыс істемегеннен болуы мүмкін. Түрлі себептер бар ғой, оны анықтау керек қой. Ол 4 жылдан бері үйді қалай күтіп ұстағанына байланысты ғой. Мысалы, адамдар ол жерде уақтылы жылытпаған болса, жылу жүйесіне төлемеген болса, өшіріп тастайды ғой жылу жүйесін. Жылу жүйесі төмен болса, стенаның қасиеті бар сондай тастап жіберуі мүмкін».
Құрылыс бөлімі қайта жөндеу жұмысы үшін халық тұрғын үй инспекциясына өтініш тастауы керек дейді. Әрі қарай олар мердігер мекемеге хат жолдап, 1 аптаның ішінде қалпына келтіруін талап етеміз дейді. Ал жауаптылар міндетті орындаудан жалтарса, істері сотқа жіберіледі.
Әлихан Файзханов