6 жасар баланы ұрған әжей сотта жауап береді

104

Шымкенттік әжей немересімен тіл табыспаған 6 жасар сыныптасын ұрып, іс сотқа жетті. Оқиға тамыздың 13-не болған. Істің содан бері созбаққа салынуын жәбірленушінің анасы қызуқанды әженің экс-прокурор болуынан дейді.

Тамыз айында баласын жеке мектепке тапсырған Жанар Жаппарқұлова соңынан полиция бөлімшелерін аралап кетемін деп ойламаған. 6 жасар ұлын дайындық сыныбына қалдырған ол баласының беті көгеріп келгенін айтады. Кейін, белгілі болғандай Арнұрды құрдасының әжесі ұрыпты. Бірақ, оған жаза берер жан табылмай тұр дейді.

Жанар Жаппарқұлова, анасы: «Шенінің арқасында деп ойлаймын. Өйткені ол кісілер өздеріне өте сенімді көрінеді. Біз келмейміз деген сөздерінен-ақ органда істейтінін естіп білдім. Өзім ойлап тапқан жоқпын оны. Өздері айтты оны. Органда жұмыс жасаймыз. Біз келетін уақытымыз жоқ деді».

Жұдырықтай балаға қол көтерген әжей ешкімнен кешірім де сұрамаған. Тек содан кейін немересі сабаққа келмепті. Ал, Жанар Жаппарқұлованың ұлы қазір психологтар мен невропотологтардың қарауында. Мектеп директоры болса баланы ашушаң әжеден арашалап үлгермедік дейді.

Пернебай Беделов, «Жас дарын-2» бастауыш мектебінің директоры: «Сынып жетекші апайы мектепке кіруге болмайды дегеніне қарамастан кіріп, сол жерде отырған балаға қол жұмсаған. Біз үлгермей қалдық бұл кезде. Мұғалім де үлгермей қалды. Бетінде із қалған. Менің ойымша жүзігі болды ма ол кісінің. Сондай жағдай болды-ау деймін».

Екі ай бойы тергеуде болған іс ақыры бүгін сотқа жіберілді. Әжейдің әлімжеттігі әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің ұрып-соғу бабы бойынша қолға алынған.

 Назерке Үкібасова